387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада ислам мәдениетіне Қазақстанның қосқан үлесі талқыланды

  • 444
  • UPD: 10:09, 22.06.2018

Астанада «Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі» тақырыбында алғаш рет халықаралық ғылыми конференция өтті.

Оған отандық және шетелдік ғалымдар мен дінтанушылар, исламтанушылар, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері қатысты. Басты мақсат – қазақ даласынан шыққан, ислам ойшылдарының ғылыми мұралары, исламдық таным аясында туындаған, мәдени ескерткіштердің мәні мен маңызын таразыға салып, өскелең ұрпаққа насихаттау. Шара барысында ИРСИКА орталығы мен қазақстандық тарап ынмымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның аясында мамандар өзара тәжірибе алмасып, бірлескен ғылыми жобалар іске асырады.

Айнұр Әбдірәсілқызы, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры:

- Баршаға белгілі, қазір көптеген дәстүрлі емес діни ағымдар, әртүрлі басқа да экстремистік ұйымдар Қазақстанның ислам өркениетінің бір бөлігі екенін жоққа шығаруға тырысады. Осындай дұрыс емес түсініктерге тойтарыс беру үшін, оның орнына өскелең ұрпаққа дұрыс түсінік қалыптастыру үшін, осы топырақта қалыптасқан дәстүрлі қазақ мәдениеті мен дәстүрлі қазақ мұсылмандығымен сусындату үшін осы бағыттағы шараны қолға алып отырмыз.

Айта кетейік, ғылыми конференция, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. ИРСИКА орталығы директорының айтуынша, елімізде рухани құндылықтарға баса мән берілгені бірден байқалады.

Халит Ерен, ИЫҰ жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының директоры:

- Ұшақтан түсіп, қалаға кіре берісте «Рухани жаңғыру» деген жазуды көрдім. Мағынасын түсінгеннен кейін Қазақстанның төл мәдениетіне, құндылықтарына, салт-дәстүріне қайта оралу үшін қандай іс-шаралар атқарып жатқанын байқадым. Түркістан облысының құрылуы да «Рухани жаңғырудың» бір бөлігі деп білемін.

Хабар 24 телеарнасы