389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2017 жылы 576 мың азамат жұмыспен қамтылды

  • 659
  • UPD: 13:29, 29.06.2018

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 576 мың азамат жұмыспен қамтылып, 450 мың тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты.

«Бастау-Бизнес» жобасы аясында 15 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. 7 мың 2 жүз адам шағын несие алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова халыққа есеп беру кездесуінде атап өтті.

Министр Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, ведомство халықтың барлық әлеуметтік қорғалмаған топтарына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Атап айтар болсақ, 1 шілдеден бастап бала кезінен І топтағы ересек мүгедектерге күтім жасайтын адамдар үшін жаңа жәрдемақы енгізіледі. Бұл дегеніңіз, 14 мың отбасына айына шамамен 30 мың теңге ақшалай көмек беріледі. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап зейнеткерлерге жаңа мөлшерде базалық зейнетақы төленеді. Жаңа жүйе бойынша 2 миллионнан астам зейнеткердің зейнетақысы қайта есептеліп, оның ішінде 1 млн-ға жуық адам жоғарғы мөлшерде базалық зейнетақы беріледі.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Бұл – егемен ел болғалы бергі ең төменгі көрсеткіш. Халықты әлеуметтік қолдау шараларымен 3,5 млн-нан астам адам қамтылды. Мемлекет басшысының төртінші әлеуметтік бастамасын орындау мақсатында шағын несие беруге қосымша 20 млрд теңге бөлініп, жеке ісін ашқысы келетін 14 мың адам шағын несиемен қамтылады. Осылайша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 40%-дан 50%-ға дейін көтерілді.

Айта кету керек, енді ведомство әлеуметтік еңбек саласын цифрландыруға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта enbek.kz онлайн платформасы құрылды. Онда жұмыссыз азаматтар тіркеліп, бос жұмыс орындарын көреді, яғни жұмыспен қамту процесі электронды форматқа ауысады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожаев

Хабар 24 телеарнасы