374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде 3 млн азаматтың құқығы қорғалған

  • 206
  • UPD: 19:43, 10.07.2018

Елімізде прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде 3 млн азаматтың құқығы қорғалды.

Бұл туралы бүгін Бас прокуратура өткізген алқалы жиында айтылды. Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен өткен отырысқа ведомство жанындағы құқықтық статистика Комитеті мен құқық қорғау органдары Академиясының өкілдері де қатысты.

Өткен жартыжылдықта Бас прокуратураның наразылығы негізінде Жоғарғы сот 269 сот үкіміне өзгеріс енгізген. Нәтижесінде 200-ден астам сотталушының абақтыдағы мерзімі шегеріліп, оның 12-сі ақталып шықты. Тағы үшеуінің жазасы жеңілдетілді.

Қайрат Қожамжаров, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры:

– Азаматтық процесте прокурорлардың қатысуы 2 есеге қысқартылды. Біз сот барысында тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдар мен мемлекет мүдделерін қорғайтын боламыз. Жарты жылдың ішінде қоғамдық саяси тұрақтылық қамтамасыз етілді. Коммуналдық тарифтерді бекіту, жұмыспен қамту, еңбек және жер салаларында өткізілген прокурорлық тексерулер нәтижесінде 3 млн азаматтың құқықтары қорғалды.

Жалпы коммуналдық қызмет тарифтері еліміздің 6 аумағында төмендетіліп, тұтынушылардың қалтасын қаққан 7 млрд теңге көлеміндегі шығынның орны толды. Мәселен, Қостанай облысында 10 мың бағбан қауымдастығы мен өндірістік кооперативке электр энергиясының тарифі 24-тен 19 теңгеге арзандатылды.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас прокуроры:

– Алматыда «Алматы энергосбыт» ЖШС 1 млрд 300 млн теңге көлеміндегі өз шығындарын тарифтерге заңсыз қосып, 800 мыңнан астам тұтынушының құқығын бұзған. Қабылданған шаралармен тарифтер төмендетілді.

Осылайша бірінші жартыжылдықты қорытындылаған Бас прокурор әлде де атқарылар шаралардың қатарына мамандардың біліктілігін арттыру мәселесін қосты. Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары Академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов «Болашақ» бағдарламасын тиімді қолдану керектігін айтады.

Ерғали Мерзадинов, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры:

– Менің ойымша, біздің Академия «Болашақ» бағдарламасынан келер пайданы тиімді қолдана алмай отыр. 25 жыл ішінде 47 қызметкер шетелде білім алды. Олардың көбі азаматтық және халықаралық құқық мамандықтары бойынша оқыған. Яғни мұны құқық қорғау органдарында сұранысы көп салаға жатқызбас едім. Осы орайда ведомствоға қажет нақты мамандықтарды таңдап алуды ұсынамыз. Бағдарлама бойынша өкілетті органдардың өкілдерін қабылдау қажет деп санаймыз.

Академия ректорының айтуынша, 2 жылдық оқудан жартыжылдық тағылымдамаға көшу керек. Ол алғашқы 2 айды шетелдік оқытушыларды елге шақыртуға және қалған 4 айды шет елде білімін шыңдауға жұмсауы қажеттігін айтты. «Бұл бірінші кезекте бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Ерғали Мерзадинов. Сонымен қатар әскери сала қызметкерлері арасында өлім көрсеткіші төмендегені жайында сөз болды.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас прокуроры:

– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Бас прокуратура 5 әлеуметтік жобаны қолға алды. Олар қылмыстық және әкімшілік процесті автоматтандыруға, мәліметтерді талдауға, бизнес нысандарын тексеруге және өтініштерді қарауға қатысты. Бас прокуратура процестерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 4 мыңнан аса қылмыстық іс және 160 мың әкімшілік іс электрондық түрде қаралып жатыр.

Осылайша, электрондық түрдегі 1 мың 800 іс сотқа қарауына жолданды. Оның жартысынан астамына шешім шығарылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерзат Заитхан

Осы категория бойынша: « ШҚО-да мөңке балығы қырылып жатыр «Азияның медиа диалогы» форумы: Радио жұмысын жандандыруға айрықша басымдық берілді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы