374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысынан көрші мемлекеттерге жаңа автожол ашылады

  • 213
  • UPD: 09:37, 11.07.2018

Қазір Бейнеуден Өзбекстан мен Кендірліден Түрікменстан шекарасына дейінгі тас жолдар жаңғыртылып жатыр.

Сондай-ақ әбден тозығы жеткен Жетібай-Жаңаөзен күрежолы сүріліп, қайта салынып жатыр. Көлік дәлізі арқылы Ақтау мен Құрық теңіз порттарына жүк тасымалданып, Каспий маңы аймағының дамуына ықпал етпек.

Ақтау мен Жаңаөзенді жалғап жатқан автожолдың тең жартысы толық жаңартылып, жарты жыл бұрын ел игілігіне берілді. Бұрын 7 метрге де жетпейтін тар жол 19 метрге кеңейтілді. 4 жолақтан тұратын талапқа сай 1-дәрежелі жол салынды.

Республикалық маңызы бар бұл жолдың жөнделуі жолаушы қауіпсіздігі үшін аса маңызды болды. Жаңа жол қолданысқа берілгелі жол апаты 25 пайызға азайыпты. Былтыр 17 жол көлік оқиғасы тіркелсе, биыл қайғылы жағдайдың саны 5-ке кеміген.

Ілес Нұрадинов, жүргізуші:

- Қазір Жетібайға дейінгі жолды жақсы салып ойды. Бұрын жолдың қандай болғанын Маңғыстау облысының тұрғындары біледі. Бұрын мына жол ойқы-шұйқы болып, көптеген жол-көлік апаттары болып, қиын жағдайлар болып жататын. Қазіргі таңда өздеріңіз көргендей, жолды жақсы деңгейде жасап жатыр.

Ал 73 шақырымды құрайтын Жетібайдан-Жаңаөзенге дейінгі бөлігін жаңарту жұмыстары биыл көктемде басталды. 21 миллиард теңгені құрайтын жобаны Азия даму банкі қаржыландырып отыр. Жол құрылысына Маңғыстауда өндірілетін битум, цемент пен өңірдің құм, тасы қолданылуда.

Сайын Демесін, «Маңғыстаужолзертханасы» РММ басшысы:

- Қазіргі таңда кестеге сәйкес жұмыстарын атқарып жатыр. Жолдың төменгі қабатына 31 км асфальт төселді. 45 пайызы аяқталды. Жол 2019 жылдың қараша аяғында аяқталады деп күтілуде. Жолда қазір 768 адам, 555 техника жұмыс жасауда.

Ақтау-Жаңаөзен автожолы – аймақты Түрікменстан мемлекетімен жалғайтын көлік дәлізінің бір бөлігі. Бұл жол ел игілігіне берілген соң, Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі жол құрылысы басталады. Осылайша «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында көрші елдермен қарым-қатынас нығая түспек. Жалпы, Мұнайлы түбектегі жаңа жолдар іске қосылған соң Маңғыстау облысы арқылы жылына 20 млн тоннадан астам жүк тасымалданады деп күтілуде.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Осы категория бойынша: « Ақтөбе облысында 76 дәрігердің орны бос тұр БҚО-да күрежолды жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы