374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысы қазына қаржысын ысырап еткен

  • 245
  • UPD: 20:03, 02.08.2018

Ақтөбе облысы қазына қаржысын тиімді жұмсамаған.

Қажет болмаса да, мектеп салған, сапасыз жолдарды қабылдаған, жауапсыз мердігерлерге қаржы бөлген. Бүгін Есеп комитеті облыс атқамінерлерін Астанаға шақырып, республикалық бюджеттен бөлінген әр теңгенің сұрауы барын ескертіп, есеп алды.

Ақтөбеде туберкулезге қарсы диспансер салынады деген әңгіме осыдан бірнеше жыл бұрын айтылды. 2016 жылы басталған құрылыстың қазіргі сиқы осындай. Қашан пайдалануға берілетіні де белгісіз. Екі жылда ғимараттың қабырғасын қалап біте алмаған мердігерге неге екені белгісіз, облыстық құрылыс басқармасы 1 млрд теңгеден астам аванстық төлем жасайды. Бұл аз болса, нысанның жобалық сметалық құжаттары да шикі боп шыққан. Диспансер деген атауы бар орталықта емхана да, дәріхана да, тіпті желдету жүйесі де қарастырылмаған. Бұл дерек Есеп комитеті өкілдерінің шамына тиді.

Наталья Годунова, ҚР республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау бойынша есеп комитетінің төрайымы:

– Жобалық сметалық құжаттар талапқа сәйкес емес екені белгілі болды, мемлекеттік сараптама қалай рұқсат берген? Сіз мұны біліп тұрып, осындай үлкен көлемде аванстық төлем жасайсыздар.

Олжас Смағұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

– Нысанның құрылысы 2016 жылы басталды, ғимараттың бір бөлігі салынып бітті. Ал жобалық-сметалық құжат бойынша өзгертулер аванс берілгеннен кейін қабылданды.

Аймақ басшылығы мектеп салғыш көрінеді. Есеп комитетінің есебі бойынша, облыста баладан, білім нысандарының саны көп болып шықты. Мектептердің оқушымен қамтылуы тіпті 70 пайыздан да аспайды. 

Әділғазы Бергенев, Есеп комитетінің мүшесі:

– Кейбір мектептердің оқушымен қамтылуы – 16-30 пайыз. Жуырда сіздер 600 орындық Нұрлыкөл орта мектебін салыпсыздар. Ал онда бар болғаны 280 бала бар. Ақшаны жұмсаймыз, ал қажеттілік жоқ.

Олжас Смағұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

– Облыс әкімдігі аз қамтылған мектептерді оңтайландыру бойынша шешім қабылдады. Бала саны аз мектептер өте ескі, ағаштан, қамыстан жасалған. Сондықтан осындай жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа мектеп ескінің орнына салынды, ал енді төселген жолды жаңа деп айтуға ауыз бармайды. Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк бағыты. Мердігердің уәдесі бойынша, бұл жерде жылтыраған қара асфальт жатуы тиіс еді.

Наталья Годунова, ҚР республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау бойынша есеп комитетің төрайымы:

– Қаржы жұмсалды, пайдалануға берілді. Жолдын сиқын суреттен көріп тұрсыздар. Жобалық-сметалық құжаттарда олқылық болғанымен, нысандар қабылданады. Бұл қалай? Кім қол қояды? Өз басымен жауап беретінін біле ме? 

Бассыздыққа жол бергендер, басымен жауап бермеген. Бірақ ескерту алған. Жалпы Есеп комитеті өткен екі жылда 37 млрд теңге бөлінген 10 нысанға мемлекеттік аудит жүргізіпті. Нәтижесінде, 468 млн теңгенің заң бұзушылықтары анықталған, миллиардтан астам теңге тиімсіз жұмсалып, ал 15 млн теңге тиімсіз жоспарланған. Облыс басшылығы бұл олқылықтарды 1 қыркүйекке дейін жоятындарын айтты.

Авторлары: Айбын Құсанбеков, Аманжол Байғазин

Осы категория бойынша: « «Барыс» клубының мүшелері ерекше күтімді қажет ететін балалармен кездесті Ақтауда «Теңіз - 2018» халықаралық кешенді оқу-жаттығу басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы