365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-ның орманды алқаптарында жыл басынан бері 95 ірі өрт оқиғасы тіркелген

  • 179
  • UPD: 22:03, 02.08.2018

Шығыс Қазақстан облысының таулы беткей, ит тұмсығы батпайтын орманды алқаптарында жыл басынан бері 95 ірі өрт оқиғасы тіркелген.

Адам аяғы баспайтын биік қырат-жоталарда тұтанған қызыл жалынды ауыздықтауда әуе техникасының әлеуеті күшті. Осы ретте аймақта орман өрттерін тікұшақпен сөндірудің тактикалық жаттығуы өтіп жатыр. Орман қорғау және әуе бөлімшелері МИ-8 тікұшағына орнатылған жаңа су бүрку қондырғыларын сынақтан өткізді.

«Әуеорманқорғау» мекемесінің мамандары су шашу қондырғыларын тікұшаққа ыңғайлап уақытша орнатады. Өрт сөндіру кезінде су бүрку жиілігі 10-12 минуттан кем болмау керек. Уақыт ұзап кетсе, 10-15 гектар алқапқа жайылған алау ырық бермей кетеді.

Станислав Пестов, әуе бөлімшесінің ұшқышы:

– Таулы аймақтарда тұтанған өртті өшіру барысында жел тұрса, іс насырға шабады. Тікұшақпен талай қиын табиғи жағдайда тапсырма орындадық.

Жаңа су бүрку құрылғылары сынақтан сәтті өтті. Қызыл жалын ошағына дәл су шашу тапсырмасы мүлтіксіз орындалды.

Владимир Санаров, «Қазәуеорманқорғау» РМК инспекторы:

– Авиациялық техникалардың мүмкіндігі жетпейтін жерлерге қолмен су шашамыз. Бүгінгі құрылғы сол нулы қиын аумақтарды өшіруге арналған. Облыстың әуе бөлімшелері осы құрылғылармен жабдықталады.

Әуе жасағы жылдамдық және дәлдік пысықталатын жаттығуларды үнемі өткізеді. Ағымдағы жылы «Әуеорманқорғау» ұшқыштары 4 таулы аймақта өршіген қызыл жалынды тоқтатуға қатысты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Вячеслав Ветлугин, Руслан Айтмамбетов

Осы категория бойынша: « Жамбыл облысындағы табиғи өрт ауыздықталды Атырауда көгілдір отын мен ауызсу бағасы арзандады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы