374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында жаңа айналма жол пайдалануға берілмек

  • 240
  • UPD: 10:12, 07.08.2018

Алматы облысының Сарқан ауданында жаңа айналма жол салынып жатыр. Алматы-Өскемен бағытына қатынайтын көліктердің барлығы Сарқан қаласы мен Алмалы ауылының ішімен өтсе, жаңа жол пайдалануға берілген соң сыртымен жүретін болады.

Қазір құрылыс жұмыстарының 70%-ы атқарылды.

Сарқан қаласының тұрғындары бұл айналма жолдың салынуын көптен күтті. Оның құрылысы 2011 жылы басталды. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңге. Бастапқы мердігер 1,5 млрд теңгенің жұмысын атқарса, оның орнына келген жаңа компания айналма жолдың құрылысын қыркүйек айында аяқтауға міндеттеме алды. Бірақ құрылыс жұмыстары уақытынан сәл кешігіп жатыр. Өйткені Жетісу жерінде биыл көктем кеш шықты.

Бауыржан Алпанов, жоба жетекшісі:

- Біз бұл айналма жолдың құрылысын өткен жылы қазан айында бастадық. Биыл қазан айында тапсырамыз. Негізі қыркүйекте халық игілігіне берілуі тиіс еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сәл кешігіп жатқан жайымыз бар. Қазір барлық жұмыстың 70%-ы атқалылды.

Жаңа айналма жолдың салына бастағанына жергілікті тұрғындар қатты қуануда. Өйткені Алматы-Өскемен бағытындағы ауыр жүк көліктерінің көптігінен Сарқанның ішімен өтетін тас жол сын көтергісіз күйге түскен. Жеңіл көліктер де толассыз ағылып жатады. «Ұзындығы 16 шақырымдық жаңа айналма жол тапсырылса, мектепке баратын балаларымыз үшін алаңдамайтын боламыз», - дейді Сарқан қаласы мен Алмалы ауылының тұрғындары.

Адина Дәкенова, Алмалы ауылының тұрғыны:

- Айналма жол салынып болса, енді ауыл тұрғындарына ыңғайлы болады деп ойлаймын. Өйткені ауыр жүк көліктері жүруін тоқтатады, азайтады. Балалардың сабаққа баруына ыңғайлы болады.

Болат Қауменов, Сарқан аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Енді аудан бойынша жергілікті маңызы бар жолдарды, облыстық маңызы бар жолдардан 3 жолды орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ағымдағы жөндеуге 83 млн теңге бөлініп, 400 шақырым жолға ағымдағы жұмыс жүргізілді.

Сонымен қатар бұл ауданда қазір Балқаш көліне апаратын Қызылқайың-Лепсі тас жолы жөнделіп жатыр. Ал қала ішіндегі жолдарды орташа жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Білім гранттарының заңды бөлінуі қадағаланады Жамбыл облысында 200 гектар аумақты өрт шалды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы