365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардағы Ертіс жағажайы тағы бір шақырымға ұзартылады

  • 179
  • UPD: 13:43, 10.08.2018

Павлодардағы Ертіс өзенінің жағажайы көркейе түспек. Тұрғындардың сүйікті орнына айналған жағалау тағы бір шақырымға ұзартылады.

Игі іске демеушілер қомақты қаржы бөліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысанды салу барысында арнайы технология қолданылады.

Ертіс жағажайының құрылыс алаңына айналғанына бірнеше күн болды. Жобаға сәйкес өзен жағасы бекітіледі. Мамандардың айтуынша, құрылыс барысында 10 бұлақ табылып, жұмысқа кедергі келтірген. Нәтижесінде жобаға кішігірім өзгерістер енгізуге тура келіпті.

Мұрат Есжанов, мердігер ұйым өкілі:

Бұл жерде жерасты сулары бар. Солардың барлығы кедергі келтіріп жатыр. Оны мына біз дренажды жүйемен бөліп, шығарып, суды ығыстырамыз. Мынаны құрып болған со, дренажды жүйенің көмегімен құбырлар болады.

Жоба аясында жағажай бекітіліп қана қоймай, бір шақырымдық жер толық абаттандырылады. Ертіс өзені мемлекет қорғауындағы аумақ болғандықтан жұмыс барысында экологиялық таза құрылыс материалдары ғана қолданылады. Ал 300 метрге созылған «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткішіне кедергі келтірілмейді.

Ертіс өзенінің жағасын бекіту үшін габионды технология қолданылады. Яғни берік металдан өрілген осындай торларға ірі қиыршықтастар толтырылып, кейін өзеннің бойына орнатылатын болады. Айта кеткен жөн, құрылыс жұмыстары барысында Майқайың кентінен әкелінген осындай ірі тастардың 25 мың тоннасы қолданылады.

Қазір жағажайдың бірінші учаскесі салынып жатыр. Кейін жерасты және жаңбыр суларының қозғалысына кедергі болмас үшін арнайы кәріз жүйесі де салынады. Бұл іске 60-тан астам адам жұмылдырылған. Студенттер де жәрдемдесіп жатыр.

Бекзат Әділбеков, студент:

- Қаланың көркеюіне көмек жасаймын және жаз бойы қаражат тауып, сосын оқуға жинап жатырмын. Бостан бос үйде отырғанша, жұмыс істеп жатырмын.

Жағажайды ұзарту жобасына демеушілер 1 млрд 300 млн теңге бөлген. Нәтижесінде Ертісті бойлаған көрікті демалыс орнының жалпы ұзындығы бес шақырымнан асатын болады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « БҚО-да алаяқтықпен айналысқан Өзбекстан азаматына 35 қылмыстық іс қозғалды Солтүстікқазақстандық жас кәсіпкер мүгедектерге арнайы құралғы жасап шығарды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы