364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бірқатар мемлекеттік мекеме Түркістанға ауысты

  • 275
  • UPD: 08:26, 16.08.2018

Түркістанға алғашқы көш келіп жетті.

Бірқатар облыстық басқармалар мен департаменттер киелі шаһардың табалдырығын аттап, жұмысын бастады.

Көштің басы Түркістанға келді. Облыстағы 24 басқарма мен 28 аумақтық департаменттің бірқатары түрлі ғимараттарға жайғасып, жұмыстарын бастап кетті. Мәселен, кейбір басқармалар үлкен бір бинес орталыққа орналасса, қалғаны қонақ үйлер мен мейрамханаларға жайғасқан. Ал ішкі саясат басқармасы шығыстық үлгідегі көрікті ғимаратқа қоныстаныпты. Қазір бұнда да қарбалас. Бөлмелерді жабдықтап, керек-жарағын түгендеп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасын балалар ауруханасынан таптық. Оларда көшіп келіп, өз жұмыстарына кіріскен.     

Естай Жақаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы инфрақұрылым дамыту бөлімінің бас маманы:

- 13 тамыздан бастап біз Түркістан қаласына келіп жайғастық. Бұнда кабинеттер мен тұрғын үй орындары – бәрі дайын, жақсы жабдықталған. Интернет орнатылған. Бүгінгі таңда басқармадан 11 кісі бірінші кезекпен көшіп келді. Екінші кезек 1 қыркүйекте келуі керек. Қалған 53 маман сол уақытта көшіп келеді.

Жалпы, Түркістан қаласына 1200-ден астам штаттық бірлігі бар 24 жергілікті атқарушы орган көшіріледі. Кеңсе мен пәтерді жалға алу, жалақыға үстемақы төлеу, ғимаратты жөндеуге үкіметтен тиісті қаржы бөлінген. Қазіргі таңда 13 аумақтық органның өкілдері Түркістан қаласында халыққа қызмет көрсетуде. Түркістан шаһарын түркі әлемінің рухани астанасы ету үшін қаланың бас жоспарына халықаралық конкурс жарияланған болатын. «Соның ішінде барлық мекемелерге жеке-жеке ғимарат қарастырылатын болады», – дейді мамандар. 

Бақтыбай Дүйсебеков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы 11 шілде күні конкурстың материалдарын қабылдап біттік. 30-дан аса қатысушы қатысты. Атақты сәулетшілер Оңтүстік Кореядан, Түркиядан, Өзбекстан елдерінен келіп отыр. Келесі аптада біз конкурстың қорытындысын шығарайық деп отырмыз. Біздің қызметкерлерге осындай үлкен міндет жүктелгеннен кейін жұмысты атқаруға дайынбыз. Бәріміз көшіп, жайғастық. Дүйсенбіден бастап толық жұмыс істеп жатырмыз.

Облыс әкімі мен әкім аппаратының қызметкерлері және қалған барлық басқармалар мен мекеме қызметкерлері апта соңына дейін Түркістанға көшіп келіп орналасатын болады. 

Енді Түркістанның жаңа дәуірі басталады. Киелі шаһар жаңа заман, ұлы істерге қадам басты. Жаңа облыстың келбетін келісті етіп, жарқын істердің бастамашысы болуға ниет етіп отырған азаматтарға ел де, Елбасы да үлкен сенім артып отыр. Ендеше тарихи сәттің табалдырығын аттап, болашағын Түркістанмен байланыстырғысы келетін барлық ағайынға көш көлікті, қоныс құтты болсын дейміз!

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Осы категория бойынша: « Алматыдағы «Саяхат» базары сүріле бастады Елімізде енді болашақ кәсіпкерлер мектеп қабырғасынан дайындалады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы