386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында 2,5 жылдық тарихы бар бесік табылды

  • 552
  • UPD: 17:32, 19.09.2018

Қазақстан мен Ресейдің жетекші археологтары Ертіс өңірінде бас қосты.

Екі ел ғалымдары этнографиялық және археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Келелі кездесу Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір халықтарының мәдени мұрасын зерттеу жолында ортақ жобаларды жүзеге асыру мен бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуді де көздейді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Ресей және Қазақстан ғалымдарын басын қосқан симпозиум Ертіс өңірінде алғашқы рет өтуде. Бірнеше минут бұрын тіркеу шарасы басталды. Бұл ғылыми форумның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жүргізілген археологиялық және этнографиялық зерттеулердің нәтижелерімен бөлісу.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен форумға Ресейдің Омбы, Алтай, Новосібір, Екатеринбург, Томск өңірлері мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ғалымдар қатысты. Симпозиум аясында өткен көрмеге 1899 жылы Ертіс өңірінде зерттеу жүргізген ғалым Самуил Дудиннің еңбектерін зерделеген Валерия Прищепова қатысты.

Валерия Прищепова, Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінің ғылыми қызметкері:

– Мұны көшпенділердің фотоэнциклопедиясы деуге болады. Бүгінде 500-ден астам сурет Ұлы Петр атындағы анропология және этнография музейінде, басқаша айтсақ, «Кунсткамераның» қорында сақтаулы.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Жергілікті археологтар да ғылым жаңалықтардан кенде емес. Ол үшін біз Марғұлан орталығына барып, тың жаңалықтармен таныстық. Марғұлан орталығының мамандары биылғы жазда қимақ және сақ дәуіріне тиесілі қорымдарда археологиялық-қазба жұмыстарын жүргізді. Алғашқы жаңалық – 2,5 жылдық тарихы бар бесіктің табылуы. Бұл көне заттың бесік екені томографиялық сараптама барысында анықталды. Құнды жәдігер Май ауданының Ақсарай қорымынан табылды.

Крым Алтынбеков, реставратор-ғалым:

– Кәдімгі біздің қазақ бесігі сияқты, соған ұқсайды. Осы нұсқасы болуы мүмкін. Соның арқасында қазір жаңалық ашып отырмыз. Бұл – 2,5 мың жыл бұрын болған бесік.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Ертіс өңірінің ғалымдары аймақтың қасиетті жерлерін жан-жақты зерттеп жатыр. Мәселен, орталық мамандары Баянауыл ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінің маңында қазба жұмыстарын жүргізіп, тағы бір археологиялық ескерткіш пен ежелгі адамдар пайдаланған еңбек құралдарын тапты.

«Қоңыр әулие» үңгірінің бірнеше мың жылдық тарихы бар екені белгілі болды. Мұны киелі жерден табылған ежелгі адам сүйектері айғақтайды. Алдағы уақытта үңгірдегі судың химиялық құрамы да зерттелмек.

Тимур Смағұлов, «Марғұлан» орталығының директоры, археолог-ғалым:

– Бұған ежелгі адамдардан қалған тас бұйымдары, қыш ыдыстардың қалдықтары мен қорымдар дәлел. Үңгірдің жанынан таспен қоршалған молалар табылды. Біздің пайымдауымызша, адам қола дәуірінде өмір сүрген.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында 70-ке жуық қасиетті орын бар. Жуырда болашақта туристік орынға айналатын мекендердің қатары тағы бір ескерткішпен толықты. Бұл – Баянауыл ауданының Ақкелін шатқалындағы Мұса Шормановтың кесенесі. Қазақ даласында мен мұңдалап тұрған нысан маңғыстаулық ұлутастан соғылған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Жергілікті ғалымдар 18-ғасырдың танымал тұлғасы, қазақ-жоңғар қатынасы кезінде мәмілегер ретінде танылған қоғам қайраткері Сұлтанбет Сұлтанның қайтыс болған жылын анықтады. Зерттеу жұмыстары Омбы мемлекеттік мұрағаттарында жүргізілді. Нәтижесінде көне хаттар арқылы 1794 жылдың 8 қарашасында көз жұмғаны анықталды. Зерттеу жалғасын таба бермек.

Симпозиум барысында қос ел ғалымдары ортақ экспедицияларға шығып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы