389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендіктер тұрғын үй саласын реформалауды қолдап отыр

  • 328
  • UPD: 09:08, 25.09.2018

Өскемендегі бірқатар қоғамдық ұйым мүшесі әрбір көпқабатты үйден тұрғын үй қорын құруды ұсынып отыр.

Ал жеке пәтер иелері кооперативін таратып жіберу керек. Қоғам белсенділерінің айтуынша, бүгінде кооперативтер тұрғындардан қаржы жинаудан басқа ештеңе бітірмейді. Сондықтан жергілікті үкіметтік емес ұйым мүшелері қазіргі қолданыстағы тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгеріс енгізу туралы Парламент Мәжілісі депутаттарына үндеу хат жолдады.

Марина Соловьева жеке пәтер иелері кооперативін тарату туралы мыңдаған қала тұрғындары қолдап қол қойған хатты ұстап жүр. Қоғам белсендісінің айтуынша, әр ай сайын жиналатын қаржы кооператив жұмысшыларының еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Тек одан асса ғана көпқабатты үйлер жөнделеді. 

Марина Соловьева, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде маған талай адам шағымданды. Жеке пәтер иелері кооперативіне төлеген қаражатымызға сәйкес, бізге есеп бермейді. Тіпті түбіртек те алмайды екен. Негізі олар біздің есебімізден күн көріп отыр ғой. Біз кооперативтен емес.

Өскемен қалалық жеке пәтер иелері қауымдастығының төрағасы Гүлнар Әбішева бұл пікірмен мүлде келіспейді. Алайда кейбір кооперативтерде штаттық құрамында 10-нан 50-ге дейін жұмысшы бар екенін жасырмайды. Бірақ олардың бәрі қол қусырып, қарап отырмайды. Тіпті кейбір көпқабатты үйлерге жыл он екі ай жөндеу жүргізілетін көрінеді.

Гүлнар Әбішева, қалалық жеке ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Егер біздің қалада 160 жеке пәтер кооперавтиві болса, ол тұрғын үй қорына бөлінгенде, 1600-ден астам мүлік иесі шығады. Ол біріккен мүлікке иелік ететін қаншама маман мен есепші қажет. Сондықтан қиын болады.

Қалалық өзін-өзі басқару комитетінің өкілдері жеке пәтер иелері кооперативіне балама ретінде басқа жолды ұсынып отыр. Ол үшін әрбір көпқабатты үйден кондоминимум құрылуы керек. Үй шаруашлығын басқарушыны сайлайды. Жиналған қаржы ортақ шешіммен жұмсалады. Әрбір атқарылған жұмыстың есебі беріледі. 

Рустам Шаиргазин, өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы:

– Мәселен, бір тұрғын үй кооперативінде 30 үй бар дейік. Аяқасты жөндеу жұмысын жүргізу қажет болса, жиналған қаржы барлық баспанаға бірден жұмсалады. Ал сол үйлерде ақша төлемейтіндер отыра береді. 

Владимир Бостриков өзі тұратын үйді жеке басқаруға алғанына бірнеше жыл болған. Кооператив қызметінен бас тартқан. Тұрғындар қызмет көрсететін мекемелермен тікелей келісім жасаған. Қазір барлық жөндеу жұмыстарын өздері істейді .

Владимир Бостриков, үйдің шаруашылығын басқарушы:

– Біз әрине қомақты қаржы жинамаймыз. Шағын қаржы жиналса да, ол нақты қажеттілікке жұмсалады. Үйдің іші жаңартылып, төбесі мен жертөлесі де жөнделді. 

Жалпы өскемендіктер тұрғын үй саласын реформалауды қолдап отыр. Оның нәтижелі жүзеге асуы пәтер иелерінің өздеріне байланысты. Ал коммуналдық қызмет мамандары бұл саланы түпкілікті жаңғырту қажет деп санайды.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтын

Хабар 24 телеарнасы