386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Astana Media Week алаңында «Хабар» Агенттігі өз контентін ұсынады

  • 837
  • UPD: 19:44, 28.09.2018

Елордада Astana Media Week басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Осы медиа-апталыққа «Хабар» Агенттігі де өз контентін ұсынып, халықаралық аренадағы әріптестік көкжиегін кеңітеді.

Бұл – мемлекетаралық ақпараттық пул. Қарапайым тілмен айтқанда, ТМД елдерінің ақпарат алмасатын алаңы. Осы айдындағы мыңдаған материалдың арасында «Хабар» агенттігінің тілшілері жазған жаңалықтар жетерлік. Яғни Қазақстанда болған ауқымды оқиғалар осы портал арқылы шетелдік көрерменге көрсетіледі. Агенттік алғашқы жылдарынан-ақ ашық саясат ұстанып, жаһандық телерадиокорпорациялармен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында қытайлық CCTV, түркиялық TRT Avaz және Анадолы бар. Польшаның TVP, Өзбекстанның НТРК, Евронюс және France 24 арналарымен де достық байланыс орнаған.

Сандуғаш Рахымжанова, Kazakh TV арнасының директоры:

– Ақпарат айдынында бір мәлімет алу үшін қарымта қайтаруға тура келетін жағдайлар кездеседі. Мұндайда стратегиялық шешімдер қабылдаймыз. Ұсынған материалдарымыз көрермен үшін қызық әрі халықаралық маңызға ие болғаны дұрыс. Сонда оны бізден алған арна эксклюзив ретінде көрсетеді. Мәселен, Елбасының БҰҰ-ның мінберінен сөйлеген сәтін шетелдік әріптестерімізбен алмастық. Осылайша, бұл шара әлемдік арналарда көрсетілді.

Екі жылдан бері «Хабар» Агенттігі төл туындыларын өзгеге сата бастады. Өнім арасында жаңалықтан бөлек, сериалдар мен көңіл көтеретін реалити шоулар және туристік бағдарламалар бар. Соңғы келісім Башқұртсанның телерадио компаниясымен жасалды. Соның негізінде «Өгей жүрек» сериалы башқұрт тіліне аударылып, сол елдің экранында көрсетіледі.

Көрерменін халықаралық жаңалықтан хабардар ету үшін агенттік әлемге әйгілі Reuters және Associated Press агенттіктерімен келісімге отырған. Әлемнің кез келген нүктесіндегі шұғыл ақпараттың бейнетүсірілімі мен мәтіні осы ақпарат көздерінен алынады. Одан бөлек, әлемнің оннан астам елінде меншікті тілшілер жұмыс істейді.

Айдана Кәрібжанова, «Хабар 24» телеарнасы «Халықаралық ақпараттар бөлімі» бас редакторының міндетін атқарушы:

– Біз Associated Press агенттігімен бекіткен келісімнің арқасында маңызды шараларды тікелей көре аламыз. Сонымен қатар әлемнің әр жеріндегі оқиға орнынан тікелей қосылуға мүмкіндігіміз бар.

«Хабар» Агенттігі мамандардың біліктілігін жетілдіріп, тәжірибе алмасуға жіті мән береді. Осы мақсатта қызметкерлерін TRT, France 24 және Euronews агенттіктеріне жіберіп, ондағы тіршілікпен танысуына барлық жағдай жасап келеді.

Ирина Камышова, «Хабар» арнасының тілшісі:

– Euronews телеарнасына барып, еуропалық әріптестеріміздің жұмыс істеу ерекшелігін көріп қайттық. Тілшілер саны өте көп екен. Барлығы жаңалыққа басқаша көзқараспен қарайды. Бір өзгешелігі, олар әуелі видеоны жинап, кейін мәтінін жазады. Біз 2-3 тілде ақпарат таратсақ, олар бірден 13 тілде жазады.

Телеиндустриядағы іскерлік қатынасты жетілдіріп, ынтымақтастықты арттыратын мүмкіндіктер Astana Media Week алаңында да беріледі. «Хабар» Агенттігінің өкілдері осы айтулы шараға белсенді қатысып қана қоймай, тиімді келісімдерге де қол жеткізуге мүдделі.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Елена Шрайбер, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы