365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында амбулатория қолданысқа берілді

  • 106
  • UPD: 14:00, 06.10.2018

Ақтөбе облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 21 амбулатория салынса, оның көбі ауылдық жерлерде ашылды.

Халыққа биылғы Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы керектігін баса айтты. Әрбір қазақстандық отбасының өмір сапасын жақсартып, ұлттың саулығына басымдық беру керектігін тапсырды.

Мынау – Кеңес Нокин атындағы ауылдағы ескі амбулаторияның ғимараты. 7000-нан астам тұрғыны бар ауыл үшін алақандай бөлме тарлық етті. Жеке кабинет жетпегендіктен дәрігерлер бір жерде қабылдау жүргізетін. Енді ол күндер артта қалды. Биыл маусым айында ауылда жаңа амбулатория ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған нысанда қажетті жабдық пен білікті мамандар жеткілікті.

Сәнімжан Тынымбаева, ауыл тұрғыны:

- Бізді қинайтыны анализ еді. Қарғалыға баратын едік. Бір жетінің ішінде Қарғалыға бармай, осы жерден біз анализді тапсырдық. Қарттарға, жастарға өте қолайлы болды. Маусым айында емхананы ашып, көмекті жақсы көрсетеді. Үйге шақырсақ келеді. Дәрі-дәрмекті береді. Әр кабинетке келгенде ашық, өте жағымды.

Ауыл тұрғыны Назгүл Бейсеналинаның айы-күні жақындап қалған. Келіншек ауыл дәрігерінің бақылауында. 3 баланың анасы егіз сәби күтіп жүргенін айтады.

Назгүл Бейсеналина, ауыл тұрғыны:

- Бұрын ескі ғимарат болатын. Ол жерде кезек көп, адам көп. Ескі ғимараттың іші тар болған соң, ауа тар болады. У-шу. Баламен келесің. Мазаң кетеді. Үлкен кісілердің жағдайы кетеді. Ал жаңа нысан бергелі жақсы болды.

Ауылдық амбулаторияда 5 білікті дәрігер қызмет етеді. Олар күніне 100-ден астам тұрғынды қабылдап, ем-дом жасайды. Учаскелік дәрігерлер Елбасының өз жолдауында 2019 жылдан бастап жалақыны көтеру туралы айтқанын қуана қабылдаған. Жаңа амбулаторияда күндізгі стационар бөлімі де бар. Тұрғындар бұрыңғыдай көрші ауылға қатынамайды.

Ақбөбек Мәжерікова, ауыл тұрғыны:

- Бұрын біз Жилянкаға баратынбыз. Қазір жақын жерде. Уақыт жағынан да тиімді. Қазір суық тиіп, бір апталық ем алып жүрмін. Барлығы уақытында, кезек тез келеді. Барлығы да сауатты, өте жақсы қызмет көрсетеді. Кез келген сұрақтың жауабын алуға болады.

Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 26 медицина нысанын салу жоспарланса, оның 21-інің құрылысы аяқталып, халық игілігіне тапсырылды. Жалпы, 2020 жылға дейін ауылдық жерлерді денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз ету мәселесі толық шешіледі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы