366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шерхан Мұртаза атындағы сыйлықты тағайындау туралы ұсыныс жасалды

  • 171
  • UPD: 15:32, 10.10.2018

Тау тұлғаның есімі ұмытылмас үшін не істеу қажет? Алдымен Шерхан Мұртаза атындағы сыйлықтарды тағайындау керек.

Тіпті тұрған үйіне Шерағаның ескерткішін орнатса да нұр үстіне нұр. Мұндай ұсынысты белгілі ғалым, жуналист Намазалы Омаш айтты. 

Ұлттық академиялық кітапханаға бүгін бір топ зиялы қауым өкілі жиылды. Шерағаны еске алу үшін. Алатаудай тұлғаны ұстаз тұтқандар көп. Себебі ол ғибратты ғұмырында он атанға жүк болар іс атқарды. Енді абыздың артында қалған еңбегін һәм есімін ұмытпай, ұлықтау қажет.

Намазалы Омашев, ғалым, публицист:

- Шерағаның қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі орасан зор. 

Шерхан Мұртаза ашаршылық жылдарында дүниеге келген. Әкесі Мұртаза репрессияға ұшырап, қуғын көрсе, анасы Айша – ұлының бақыты үшін күрескен жан. Шер аға өмірдің кермек тәмін ерте тартып, ерте есейді. Айналасына шуағын шашқан күндей болды. 

1992-1994 жылдары «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметін атқарған тұста Шер аға 70-ке жуық қызметкерге бір күнде пәтер кілтін сыйлағаны аңызға бергісіз тарихи оқиға саналады.

Қабылан мінез қайраткердің артында өшпес із қалды. Том-том еңбектері әлі тарихта қатталмақ. Жазушының көршілес қырғыз әдебиетімен байланысы тығыз болды. Әсіресе шоң жазушы Шыңғыс Айматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Қош бол, Гүлсары», «Жан пида» шығармаларын қазақ тіліне аударып, туысқан екі елдің әдеби-мәдени байланысын нығайтты.

Қорған Төреқожа, тілші:

- 1959-1969 жылдар аралығында Шерхан Мұртаза 200 ден аса еңбектің авторы атанды. Бұдан бөлек ол отыз жылға жуық уақыт ішінде алты бірдей республикалық газет-журналға басшылық еткен. Бұрын-соңды болмаған тиражға қол жеткізді. «Жұлдыз» журналын 196 мың тиражбен қабылдап алып, үш жылда 212 мыңға, кейіннен 300 мыңға жеткізген бас редакторлығы бір төбе.

Қазақ журналистикасындағы «Шерағаңның шекпені» термині жиі қолданылады. Жөн. Шераға талайларға ұстаз болды. Өзінің дара жолын салған айбоз азамат Қазақстанның халық жазушысы атанды. Парламентте де жемісті еңбек етті. Елдің әлеуметтік-мәдени дамуына байланысты заң жобаларын дайындауға атсалысты. Кейіннен туған жеріне оралды. Талаптыға жол тартты. Нағыз ақсақал, нағыз абыз атанды.

Авторлары: Қорған Төреқожа Ануар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы