360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да 9 ауыл көгілдір отынмен қамтылды

  • 127
  • UPD: 19:35, 13.10.2018
ШҚО-да 9 ауыл көгілдір отынмен қамтылды

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы 9 ауылдың тұрғындары газбен қамтылды.

Бұл жұмысқа мемлекет қазынасынан 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Бұған дейін 18 мыңға жуық халқы бар Зайсан қаласы толық газдандырылған болатын. Ал келесі жылы тағы 8 елді мекенге көгілдір отын желісі тартылмақшы. Мұның бәрі Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға байланысты арнайы қабылданған облыстық бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан жобалар.

Бұрын отын жарып, көмір жағатын, күл-қоқыспен есі шығатын Кеңсай ауылы тұрғындарының қуанышында да шек жоқ бүгін.

Владимир Богомолов, ауыл тұрғыны:

- Міне, биыл көмір жоқ, түсірген жоқпыз. Ауылымызға газ тарттық. Су ішінде. Енді біздің жағдайымыз қала сияқты.

Риза Шаменбайқызы, ауыл тұрғыны:

- Бұрынғыдай емес, үйіміз жылы, таза! Көмірден құтылып, күлден құтылып, Елбасымыздың тапсырмасына орай жылдан-жылға жағдайымыз жақсарып келеді. Ауылымыз көркейіп, жарығымыз тартылып, жолдар жөнделіп жатыр.

Өркениет игілігіне қол жеткізгендер саны күн санап артып келеді. Экологиялық жағынан таза әрі экономикалық жағынан тиімді отын түріне ауданның әлеуметтік нысандары да көшіп жатыр. Осының арқасында қысқы жылыту маусымында бюджет қаражатын 40 процентке үнемдеуге жол ашылыпты.

Темірбек Қасымжанов, аудан әкімі:

- Елбасымыз биылғы жолдауында елдің әлеуметтік жағдайын көтеру туралы үлкен тапсырмалар берді. Соның аясында 9 елді мекен, 10 мың халық қазір газды қолданып алып отыр. 2019 жылдан бастап 8 елді мекенді осы газбен қамту жұмыстары қолға алынады. 2020 жылы ауданымыздың 90 пайыз халқы орталықтандырылған газбен қамтылады деген жоспарымыз бар.

Серік Оразбеков, газ тарату мекемесінің өкілі:

- Біздің газ мекемесіне қазір 42 жас маман, таза газ саласында істейтін жұмысшы қызметкерлер, сондай-ақ дәнекерлеушілер, 4-5-разрядты оператор, слесарьлар алынып жатыр. Және жүргізушілер алынып жатыр. Бұл деген біздің ауданымыздың үлкен бір жағдайы түзелгенін көрсетіп тұр.

Өркениет игілігіне қол жеткізген ауыл тұрғындары енді кәсіптің жаңа түрлерін игеріп, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Мамандардың есептеуінше, Зайсан газының қоры 150 жылға жетеді екен. Ал Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілген міндеттерге сәйкес облыста арнайы бағдарлама қабылданған. Яғни алдағы жылдары көгілдір отынмен тек қана Зайсан ауданын емес, сонымен қатар көршілес Үржар, Тарбағатай, Күршім аудандарын да қамту көзделіп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы