384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қармақшы ауданында еңбек ерлері ұлықталды

  • 575
  • UPD: 08:56, 23.10.2018

Сырбойылық диқандар егін жинау науқанын аяқтап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қырманды дәнге толтырған шаруа қауым ежелден еңбектің шамын жаққан аға буынды әрдайым үлгі тұтады. Толарсақтан саз кешіп, тұтас елді асыраған еңбек ерлері Қармақшы ауданында айырықша ұлықталды.

Облыс бойынша жалпы 80 мың гектардан астам алқапқа дән себілсе, соның қомақты үлесі Қармақшы ауданына тиесілі. Жүйелі ұйымдастыру мен тынымсыз еңбектің арқасында Ақжар ауылының шаруалары аймақта алғаш болып қамба толтырып отыр. 2 мың гектар жерге күріш егіп, әр гектардан 60 центнер өнім жинаған ақжарлықтар келесі жылғы дала жұмыстарына кірісіп кетті.

Жомарт Жалғасбаев, агросеріктестік директоры:

– Механизаторлар көктемгі егістен кейін күзгі егін жинау науқанына дейін бос болатын болса, биыл бұрыннан егілмей жатқан егіс алқаптарын қайта қалпына келтіру, ондағы арық-жаптарды қазу, коллектор тазалау, атыз тегістеу жұмысымен айналыстық. Соның арқасында келесі жылға 350 га жер тегістеліп дайын тұр.

Құрылғалы 60 жыл болған Ақжар ауылының тұрғындары трактор басып қос аяғынан айырылса да, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен Социалистік еңбек ері Қасымтай Ізтелеуовтің қызметін айырықша бағалайды.

Темірхан Тебегенов, филология ғылымдарының докторы:

– Адал еңбек, қарапайым өмір тұрмысында үлкен ерлік жасауға болатынын дәлелдеген азаматтар бүгін ұлықталып жатыр. Ақжар ауылының атадан-балаға ұласқан ізгі дәстүрі – татулық, бірлік, ауызбіршілік, еңбек ету.

Қырманды қызыл дәнге толтырған еңбеккерлер «Туған өлке» бағдарламасын негізге алып, ауылдың мерейтойына арнап саябақ салып берді. Абаттанған алаңды Социалистік еңбек ері Сәлима Жұмабекова ашты.

Өмірі еңбекпен өрілген мекенде жыраулар фестивалі мен еңбек көрмесі ұйымдастырылды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы