386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық әйел азаматтық некеде болған күйеуінен қызын қайтара алмай жүр

  • 601
  • UPD: 08:07, 31.10.2018

Ақтаулық Гүлмира Ибатбекованың туған перзентін әкесінен қайтара алмай, өкілетті органдарға арызданып жүргеніне екі жылдан асты.

Азаматтық некеде болған ер адамның биыл үшке толатын қыз баланы анасына мәжбүрлеп қайтаруы туралы өңірлік және Жоғары сот шешімдері бар. Олар биылғы жылдың наурыз-қазан айларында заңды күшіне енген. Алайда осы күнге дейін орындалмай келеді. Себебі сәби өзге елде болуы мүмкін деген болжам бар. Ал бала әкесінің жақындары Гүлмира Ибатбековамен араласудан үзілді-кесілді бас тартуда. Шарасы қалмаған ана біздің редакциямызға хабарласты.

«Ұялы телефонмен сөйлесуге мүмкіндік жоқ. Өзіңіз көргендей, байланыс желісі бұғатталған» деп, сөз бастады қыз анасы. Қала тұрғыны былтырдан бері өз перзентін көрмепті. Қазір қайда екенінен бейхабар. Соңғы рет бала тұруы мүмкін делінген мекен-жайға жеке сот орындаушыны ертіп барғанымен үйге кірудің сәті түспеген.

Гүлмира Ибатбекова, қала тұрғыны:

- Перзентімді соңғы рет бір жыл бұрын көрдім. Оның Қазақстан аумағынан тыс жерге шығып жүргені жөнінде ақпарат бар. Биылғы жылдың 9 қазанында кәмелетке толмаған баланы анасына, яғни маған мәжбүрлеп қайтару туралы Жоғарғы сот шешімі шықты. Алайда оның орындалуына жауапкер жол бермей отыр. Құзырлы орғандарға хабарласып, барлық деңгейдегі сайттарға арыз жазсам да шыққан нәтиже жоқ.

Ақтаулық тұрғынның Жоғарғы сотқа шығуына да себеп бар. Биылғы наурыз айында өңірлік кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот қыз анасының пайдасына шешім шығарған. Алайда оны орындауға жергілікті құзырлы органдар асығар емес. Нәтижесінде даулы істі қарау екі жылға созылған. 

Лариса Шамгулова, өңірлік ювенальды сот төрағасы:

- 2017 жылдың 27 желтоқсанында Ибатбекованың талап арызы негізінде азаматтық іс қаралды. Нәтижесінде Жұмағалиевтің баланы анасына, яғни Ибатбековаға мәжбүрлеп қайтаруы жөнінде шешім шығарылды. Заңды күшіне енген бұл шешім бүгінгі таңда орындауға жіберілген. 

Заңды күшіне енген сот шешімі 6 айда орындалмаса, жауапкершілікке тартуға жатады. Өңірлік прокуратура өкілдерінің айтуынша, қыз баланың әкесіне әкімшілік шара қолданылуы мүмкін. Ал кәмелетке толмаған сәбидің өзге елде жүргені дәлелденсе, халықаралық іздеу жарияланады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы