384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысындағы жөндеу көрмеген күре жол қалыпқа келмек

  • 473
  • UPD: 21:47, 08.11.2018

Ақтөбе мен Атырауды Ресейдің Астрахань облысымен байланыстыратын күре жол қайта салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен ғасырдың орта тұсында төселген тасжол бұған дейін күрделі жөндеу көрмеген. Ақтөбеден Атырау облысының шекарасына дейін 330 шақырым жол толықтай жаңғыртылады. Құны 95 млрд теңге болатын ірі жоба – «Орталық-Батыс» жолының бір бөлігі. Ел мен елді жалғайтын күре жол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Ақтөбе Атырау тасжолымен тәулігіне 15-20 мың көлік әрлі-берлі ағылып жатады. Бұл маңызды жол өңірді Ресейдің Астрахань облысымен, әрі қарай Орта Азия елдерімен байланыстырады. Жолдың салынғанына жарты ғасырдан асқан. Қазір жолдың ені тарылып, әбден тозығы жеткен.

Құрылыс жұмыстары өткен жылдың күзінде басталды. Ұзын жолдың Ақтөбе облысындағы бөлігі 6 учаскеге бөлініп, қазір 3 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Қалған бөлігіндегі жұмыстар келесі жылға қалды. Жолды қайта салуға 3 шетелдік мердігер компания тартылды. 800 мың тонна қиыршық тас қажет болса, оны жергілікті зауыттар беріп отыр. Жалпы пайдаланылатын құрылыс материалдарының 80 пайызы - отандық өнім. Жұмысқа да жергілікті тұрғындар алынды.

Аязбай Османғалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Мердігер компаниялар – түрік, италяндық және әзербайжандық компаниялар. Қазір көпірлерді істеп жатыр. Көп жерде бұрынғы асфальтты алып, жаңа асфальт салу басталды. 3 зауыт жұмыс істеп тұр.

Жолдың Атырау облысындағы бөлігінде де құрылыс қарқынды. «Мақат-Доссор» бағыты келесі жылы аяқталады. Ұзындығы 17 шақырым болатын уақытша айналма жолдың құрылысы бітіп тұр. Жол бойында 139 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Қазір 16 шақырымға жуық жолға 2 жабын асфальт төселуде. Үшінші қабатын келесі жылы төсеп, жұмысты маусым айында аяқтау жоспарланған. Құрылыс басында 330 адам жұмыс істеп жүр. Олардың жартысы – жергілікті тұрғындар. 

Салауат Күшәлиев, Мақат ауданының тұрғыны:

– Бұрынғы ескі жолдың жағдайы нашар еді. Жаңадан жол ашылса, ауыл тұрғындарына жақсы көмек болады. Жолдың сапасы жақсы. Түрік компаниясы жасап жатыр.

«Ақтөбе-Атырау» жолының құрылысы «Орталық-Батыс» жобасына кіреді. Бұл ірі жоба Астананы батыс аймақпен қосатын ең ірі көлік дәлізі болмақ. Одан бөлек, Батыс Қытай және Ресеймен байланыс нығаяды. Экономикалық тұрғыдан да тиімді, яғни жаңа жол тауар айналымын артырады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Бекен Әлирақым, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы