384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана-Энергия» акционерлік қоғамы жылу құнын төмендетті

  • 744
  • UPD: 23:25, 09.11.2018

Себеп – аталған монополист компания тариф сметасын орындамаған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ал «Астанаэнергосбыттың» өкілдері «тұтынушылар жылу ақысын төлемейді. Белшеден шығынға батып жатырмыз» деп наразы.

Елбасы жылу мен жарық тарифі бойынша жиын өткізіп, коммуналдық салаға жауаптыларды сілкіп алған соң, монополистер жұртшылық алдында зырылдап жүріп есеп беріп жатыр. Мәселен, «Астана-Энергия». басқарма төрағасының бірінші орынбасары бүгін әр жылдың тарифін баяндап, жайшылықта құпия ұстайтын кіріс-шығыстарын жария етті. Айталық, былтыр «Астана-Энергияға» 10 миллиард теңге пайда түскен. Шығындары 9 миллиард 700 миллион теңге болыпты. Сонда таза табыс 271 миллион теңгені құрапты. Ал 2018-дің тоғыз айындағы кіріс көлемі 8 миллиард 200 миллион теңге болса, оның 7 миллиард 700 милллионы шығынға кеткен. Нәтижесінде акционерлік қоғам тоғыз айда 546 миллион теңге пайдаға кенелді. Осыдан болар «Астана-Энергиядағы» орташа айлық 240 мың теңгеге жетіп отыр. Енді бұрынғыдай «майлы шелпек» болмауы кәдік. Себебі – монополияға қарсы мекеме өкілдері «Астана-Энергияға» биыл өтемдік тариф енгізді. Не үшін дейсіз бе?

Абай Балабеков, Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары:

- Себебі, «Астана-Энергия» былтыр тариф сметасын орындамады. Дәлірек айтсақ, мазутты жақпай, үнемдеген. Енді сол мазутқа жұмсалған ақшаны өндіру үшін мекеме басшылығы жылу құнын төмендетіп отыр.

Бірақ мұнымен монополист компания өкілдері келіспейді. Төрағаның бірінші орынбасарының айтуынша, мазут тек қатты аязда ғана жағылады. Ал өткен қыста қаладағы ауа температурасы қалыпты болған. Сондықтан мазут пайдаланылмапты.

«Астана-Энергияның» басшылығы сотқа арыз жазыпты. Яғни қайтадан бұрынғы тарифтерін енгізуді көздейді. Әзірге монополияға қарсы мекеме енгізген өтемдік тарифпен жұмыс істеуге мәжбүр. Нәтижесінде монополист компанияда жыл басынан бері жылу құны айтарлықтай арзандаған.

Биылғы жылу құны мынадай. 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында жылу тарифі 1 Гкал үшін – 1745 теңге, 1 шілде мен 31 тамыз аралығында 1695 теңге болса, 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында 1627 теңге болып бекітілген.

Есептей беріңіз, компания баяғыдай пайдаға кенеле қоймасы анық. Ал «Астанаэнергосбыт» қазірдің өзінде белшеден шығынға батып жатыр. Себебі, тұтынушылар жылу ақысын төлемейді. Салдарынан аталған мекемеде жалақы төмен. Бос жұмыс орындары көп. Тіпті бас директордың орынбасары бүгін тілшілер алдында «аула тазалайтын жұмысшы іздейміз» деп жар салды.

«Астанаэнергосбыт» жылуды «Астана-Энергиядан» сатып алады. Жылудың өзіндік құны жоғары болғандықтан, «Астанаэнергосбытта» 2015-2017 жылдар аралығында тариф 18% көтерілген. Енді монополияға қарсы мекеменің енгізген жаңа ережесі арқылы жылудың өзіндік құны да және таратушы компания қоятын баға да төмен болмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы