388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында балықшылар өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығара бастады

  • 970
  • UPD: 23:17, 18.11.2018

Атырау балықшылары өткен ғасырдың 90-жылдары өңірдің негізгі байлығы болған балық өнеркәсібін қайта жандандыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жыл санап материалдық-техникалық базасын нығайтқан өндірістік коопертивтер балық өнімдерін экспортқа шағара бастады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсібі алға басқан саланың келешектен күтері мол. Елбасының экспортқа бағытталған кәсіпорындарға 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жөніндегі тапсырмасы атыраулық балықшыларды бір серпілтіп тастады.

Сазан, ақмарқа, қызылқанат, көксерке мен шортан. Құрманғазы ауданына қарасты Приморский ауылындағы балық қабылдау цехы тәулігіне 4-5, кейде 7 центнер «су маржанын»  қабылдайды. Көрші ауылдағы балық өңдеу кәсіпорнында да осындай қарбалас. Себебі, қазір күзгі балық аулау маусымының нағыз қызған шағы. Бір кезде өз алдарына дербес тірлік кешкен шағын шаруашылықтар бірлесіп, осындай кешенді балық өңдеу кәсіпорындарына айнала бастады. Балықшылардың ата кәсіптерін жандандыруына мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының көмегі көп. Енді Елбасының өңдеуші салаға деген қамқорлығы ауыл бизнесмендерінің алдағы жоспарларын айқындап бергендей.

Жұмажан Шакупов, өндірістік кооператив төрағасы:

- Бізге қазір төменгі мөлшерлемемен несие керек. Біз оған қажетті құрал-сайманды сатып алып, өз өнімімізді молайтар едік. Тағы да балық түрлерін алыс-жақын шетелдерге шығарамыз, бүгінде бізде 500 адам жұмыс істесе, болашақта 1000-1200 адам алуды жоспарлап отырмыз. 

Бүгінде өндірістік кооперативтер экспортқа жұмыс істей бастады. Мұнда өңделетін 2000 тонна балықтың 80 проценті сыртқы нарыққа шығарылады. Қақталған, ысталған табан мен ақмарқаға, сондай-ақ көксеркенің мұздатылған кеспелеріне ТМД ғана емес, Италия мен Франциядан сұраныс жоғары көрінеді. Оған осы күзден бастап тағы бір мемлекет Қытай қосылыпты.  Осылайша сыртқы нарықпен берік байланыс орнатқан кәсіпорындар базаларын нығайтып, жұмысшылардың жағдайы жақсара бастаған.

Галина Сухарева, балық қабылдаушы:

- Шынымды айтсам, Атырауға қоныс аударғымыз келген. Бірақ  үйренген кәсібімді қимаймын. Жұмысым өзіме ұнайды, жағдай жақсы, айлық уақытында. Бастысы, мемлекет тарапынан соңғы кезде ауылдық жерге үлкен көңіл бөлініп жатыр.

Бір кезде Құрманғазы ауданындағы балық зауыты шығарған шортан уылдырығы Кеңеc одағына танымал болатын. Енді балықшылар сол жеңсік өнімді өндіруді қайта қолға алмақ.  

Болат Абдолов, балық зауытының директоры:

- Бізге Каспийге шығатын жарақты флот керек. Себебі, көптеген бағалы балықтар тек теңізден ғана ауланады. Егер Елбасымыз айтқан ұзақмерзімді жеңілдетілген несие қолға тисе, базамызды қайта жасақтар едік  

Ұзақмерзімді несие қолдары жетсе, кооперативтер консервіленген балық шығаратын комбинат салып, өнімнің жаңа түрлерін өндірмек ниетте. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы