384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Л.Байымбетоваға елге қайту туралы куәлік жасалып жатыр

  • 679
  • UPD: 17:09, 23.11.2018

Қазақстан азаматшасы Лиана Байымбетоваға екі аптадан бері Украина мемлекеттік ауруаханасында тегін дәрігерлік көмек көрсетіліп жатыр.

Айта кетейік, жерлесіміз Киев қаласына наурыздың отыз бірі күні ұшып келген. Құжаттарын жоғалтып алған қандасымыз кейіннен №1 қалалық психоневрологиялық ауруханаға жатқызылған.

Украинаның «Психиатриялық көмек көрсету» Заңына сәйкес ем алушыға қатысты ақпарат жақын адамдарынан басқа жан адамға айтылмайды. Алайда Қазақстан азаматшасы Лиана Байымбетова бізбен байланыс құруға қарсылық білдірмей, өзінің қазіргі жай-күйі жайлы айтып берді.

Журналист:

- Айта қойшы, мына жақта сен дәрілеріңді ішіп жүрсің бе? Мына жақта саған дұрыс қарай ма?

Лиана Байымбетова, науқас:

- Иә, иә, ішемін, жақсы қарайды.

- Дәріңді, тамағыңды ішіп жүрсің ғой, тоңып қалған жоқсың ба?

- Тоңған жоқпын.

Киевтегі ауруханаға жерлесіміз еш құжатсыз, ауыр халде түскен. Украина дәрігерлерінің айтуынша, науқас бастапқы уақытта жүйке күйзелісіне ұшыраған әрі емханаға дейін жарты жыл далада жүріп күнелткен. Қазақтың қызын қаңғырып жүрген жерінен қайырымды адамдар тауып алып, емxанаға жедел жәрдеммен жеткізген екен. Қазір Лиана Киев қаласындағы №1 психиатриялық ауруханада тегін ем алып, түрлі медициналық тексерістен де тегін өтіп жатыр. Науқаспен жүйке жүйесінің дәрігерлері жұмыс істейді, мамандар дерттің түрін әлі анықтаған жоқ, сол үшін диагноз әлі қойылмаған.

Леся Терентьева, И.Павлов атындағы қалалық психиатриялық аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Науқас қазір медициналық тексеруден өтіп жатыр. Бүгін мидың МРТ зерттеуінен өтті, дәрілерін қабылдай бастады. Біраз тынышталып, қазір жоспарымен де бөлісе алатын жағдайда.

Тиісті емін алып, жүйкесі тынышталған соң отандасымызды елге қайтару жұмыстары жүргізілмек. Украинадағы Қазақстан елшілігінің ақпараты бойынша, Лиананың әкесімен де, бауырымен де байланыс бар.

Жанболат Әбу, ҚР Украинадағы елшілігінің консулы:

- Аурухана басшылығымен және бас дәрігермен байланыс орнаттық. Мән-жайдың анық-қанығын біліп, азаматшамыздың денсаулығын білдік. Оның Қазақстандағы туыстарын да іздеу шараларын жүзеге асырдық. Бүгінгі таңда емдеуші дәрігерлердің ақпаратына сәйкес, Лиана азаматшамыз ауруын асқындырып алған. Үш аптадай ем алу қажет.

«Хабар 24» арнасының тілшілері де Украинада ем алып жатқан науқас Лиана Байымбетованың елдегі туыстарымен байланысқа шықты. Олар да жырақта жүрген жақынын алып кетуге дайын екендерін айтады. 

Бақытбек Байымбет, Лиананың ағасы:  

- Хабарды күтіп отырмыз. Барып алып кетеміз. Денсаулығын қарап жатыр, бақылап отыр. Рұқсатын береді, содан кейін барып алып кетеміз.

Лиана Байымбетованың қазір елге қайту туралы қуәлігі жасалып жатыр. Мұндай рұқсат қағазды ҚР Украинадағы елшілігі әзірлейді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы