383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында Жайық өзенінің екі бетін жалғайтын көпір ашылды

  • 879
  • UPD: 23:23, 30.11.2018

Бүгін Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзенінің екі бетін жалғайтын жаңа көпір қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл маңызды стратегиялық нысан халықаралық Атырау-Орал тас жолының бойында орналасқандықтан, алдағы жылдары Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолындағы көлік қатынасын да біршама жеңілдететін болады.  Сонымен қатар бұл жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартып, елді мекендер арасындағы қатынасты жақындатуға мүмкіндік береді.

Жайық өзеніне салынған жетінші автомобиль көпірінің ұзындығы – 660 метр. Жалпы құны – 9,5 млрд теңге, оның 6,5 млрд-ы жергілікті қазынадан.

Нұрлан Ноғаев, облысы әкімі:

- Халықаралық қарым-қатынастарды, соның ішінде туризмді дамытуға, жалпы азаматтардың бір-бірімен араласуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл мәселердің мүмкін болғаны еліміздегі тұрақтылық жағдайы, қоғамдық келісім жағдайы және Елбасының жүргізіп отырған саясатын барлық атыраулықтардың, барлық Қазақстандықтардың қолдауының арақасында болып жатқан істер.

Жаңа өткелдің халықаралық тасымалмен айналысушылар үшін де, аудан халқы үшін де маңызы зор. Өйткені Жайық өзенінің екі бетіне орналасқан 40 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда бірде-бір өткел жоқ.

Аманжол Есқариев, Махамбет ауданының құрметті азаматы: 

- Көптеген жылдар бойы осы өзеннен өте алмай халық үлкен зардап шегіп еді, бүгін арманы орындалып, Еуропа мен Азияны қосып, Махамбет ауданының тұсынан осы үлкен көпір қолданысқа беріліп жатыр. Бұл енді халықтың үлкен қуанышы.

Көпірдің жобасы өңірдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып арнайы жасалғандықтан, Жайық өзенінің ластанбауына және су жәндіктерінің зардап шекпеуіне де мүмкіндік береді. Сонымен қатар ішкі инфрақұрылым ғана емес, Қазақстаннан Ресейге шығатын халықаралық жүк тасымалының ауқымының артуына септігін тигізеді.  

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы