388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Сыбаға» бағдарламасымен несие алған 109 фермер қарызға батты

  • 854
  • UPD: 12:11, 13.12.2018

Қарағанды облысының фермерлері мал басын асылдандырамыз деп қарызға белшесінен батты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Сыбаға» бағдарламасымен миллиондап несие алған шаруалар асылтұқымды мал іздеп Ресейді кезіп жүр. Себебі көршілес елдің көп өңірінде аусылға байланысты карантин жарияланған. Ал аурудан таза аймағында баға шарықтап тұр. Әр малдың басына есептеліп берілген ақша жетпейді. Оның үстіне бөлінген қаржы мерзімінде игерілмесе, фермерлер айыппұл төлеуге міндетті. Амалдары құрыған шаруа иелері араша сұрап, ауылшаруашылық басқармасына барды. Билік өкілдері қандай уәж айтты? Қос тараптың пікірін аймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы тыңдап келді.

«Сыбаға» бағдарламасының шарты бойынша асылтұқымды мал тек шетелден жеткізілуі тиіс. «Ал бізге ең жақыны, әрі қолайлысы көршілес Ресей мемлекеті болып тұр», - дейді шаруалар. Бірақ аусыл шыққан соң ол елдің біраз аймағында карантин жарияланған. Ал аурудан таза өңірлерінде баға аспандап тұр.

Серік Бекежанов, шаруа:

- Мен 45 басқа 23 миллион 760 мың теңге алдым. Маған мысалы бір басқа 528 мыңнан берді. Ол жақта бір бұзаудың құнының өзі 750 мың деп отыр. Ортамызда мысалы алыпсатарлар бар. Сол алыпсатарларға ұрынып отырмыз.

Фермерлердің айтуынша, сұраныстың көптігінен малды жеткізіп беретін операторлар да бағаны шарықтатып жіберіпті. Сондықтан шаруалардың көпшілігі ірі қараны өз күштерімен іздеп, көрші елде сенделіп жүр. «Арзан малды тапқан күннің өзінде қожайындарында тиісті құжаты болмай шығады», - деп қынжылады фермерлер.

Дәуренбек Кәсіпхан, шаруа

- Кейбір фирмалар кедендік одақ реестрінде жоқ. Кедендік одаққа енбеген, ол кісілер жеке кәсіпкер ретінде бізге мал сатуға құқықтары жоқ. Ал ол малды әкелсек, ол малымыз мына жақта тіркелмейді.

Ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыстағы 109 фермердің әрқайсы 25-30 миллион теңгеден несие алған. Оған үш ай ішінде асылтұқымды 6900 бас мал сатып алу қажет болатын. Қазіргі күні соның 1200-і ғана Қазақстанға жеткізілген. Қалғандары сан соғып қалды. Енді олар қаржыны мерзімінде игермегені үшін айыппұл да төлеу керек.

Сағынжан Апақашев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

Біздің негізгі ұсынысымыз республика бойынша бірыңғай оператор болса. Малды алып келіп, осы жерде өзі әкеліп қойып қойса, сол жерден шаруашылықтар барып алса деген. Сондай ұсынысымыз болды. Бірақ кейбір операторлар бағаны өсіріп жіберді. Енді осыны шешетін қаржы институттары. Қаржы институттарына барып, қайтадан келісімшарт жасау керек қой. Баға өсіп кетті.

Қазір ауылшаруашылығы басқармасы қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Мәселен әуелде ақша берілгенде бір бастың құны 518 мың теңге деп бағаланған болса, енді 620 мың теңгеге көтерілуі мүмкін. Ал мал алудан бас тартқандар болса, қаржыны аздаған үстемақымен қайтарып беруіне болады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы