427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда биыл 3500-ден аса спорттық шара ұйымдастырылды

  • 1458
  • UPD: 19:25, 02.01.2019

Алматы қаласы үшін 2018 жыл жарысқа толы болды.

Әлемдік додалардан бөлек, көптеген халықаралық турнирлердің және ішкі біріншіліктердің жалауы желбіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұқаралық спортқа да өріс ашылып, қала тұрғындарының басым көпшілігі салауатты өмір салтын серік етті.

Алып шаһар Алматы спорттық инфрақұрылымы жағынан еліміздегі көш бастап тұрған қаланың бірі. Сондықтан да жыл он екі ай бойы айтулы жарыстардың Алатау бөктерінде өтуі заңдылық. Биыл да байрақты бәсекелер болады. Универсиада ойындарын жоғары деңгейде өткізгеннен кейін халықаралық FISU басшылары футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионатын Алматыға сеніп тапсырды. Білегінен күш саулаған балуандар да «Әлем барысының» бәсін биіктетті. Спорттық жекпе-жек түрлерінен Конфедерация кубогының финалдық кезеңі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтсе, әлемдік шорт-трек шеберлері «Халық Аренада» бас қосты. Жеке кәсіпкерлер мен әкімшілік бірлесіп, қалада бірнеше спорттық алаң ашты.

Алмас Маханбетияров, Алматы қаласы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы:

- Алматы қаласының әкімдігінің бастамасымен соңғы жылдары халықтарға қол жетімді, алыстан арбаламай-ақ жақыннан дорбалайтын үйлердің жанынан катоктар жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы қала бойынша 8 жерде каток жұмыс істесе, маусымдық, қазіргі уақытта бюджеттің есебінен 5 жерде осындай катоктар жұмыс істемек.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында биыл Алматыда 3500-ден аса спорттық шаралар ұйымдастырылса, оған 500 мыңға жуық қала тұрғындары қатысқан. Қазір қысқы спорт түрлері кезек алды. Медеу мен Шымбұлаққа келушілердің қатары күн санап арта бастады. Шетелдік туристер де Алатаудың сұлу табиғатын тамашауға көптеп келуде.

Эджа Канлиэль, Түркиядан келген турист:

- Мен 14 жасымнан коньки тебемін. Қыс айларында қазақ жеріне келуді дәстүрге айналдырдым. Өйткені Медеу мен Шымбұлақ маған қатты ұнайды. Өте әдемі. Бұл жерде адамдар да қонақжай. Қайда барсаңызда құшағын айқара ашады.

2019 жылы да Алматыда айтулы жарыстар  жоспарланып отыр.  Ақпан айында Шымбұлақта фристайлдан әлем кубогының кезеңі өтеді. Ал сәуірде» Алматы Арена» футзалдан чемпиондар лигасының финалын қабылдайды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы