387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанадағы көпқабатты үйдің тұрғындары бірнеше күннен бері сусыз отыр

  • 827
  • UPD: 20:25, 22.01.2019

Астананың қақ ортасындағы көпқабатты үйдің тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйдің насосы күйіп кеткен.

Жауапты серіктестік оны ауыстыруға асығатын сыңай танытпайды, жайбарақат жүр. Суды сырттан тасып ішіп отырған тұрғындар осындай шағымдарын айтты.

БЛИЦ:

– Менің 27 жастағы мүмкіндігі шектеулі балам бар. Бір жұма болды, су жоқ. Лифт те екі апта болды, істемей тұр.

Бұл – «Сәтпаев 20» мекенжайы бойынша орналасқан 14-қабатты үй. Мұндағы жоғарғы қабаттардың тұрғындары сусыз отырғалы он күнге жуықтаған. Тіршілік нәрінен таршылық көріп отырған көптің бірі – Дариға Сүйіншалиева. 27 жастағы мүмкіндігі шектеулі баласы бар. Судың жоқтығынан қария арбаға танылған ұлын алып, осы күні туыстарының үйінде тұрып жатыр.

Дариға Сүйіншалиева, қала тұрғыны:

– Екі жұмадан бері жеке үйде тұрып жатырмыз. Баламды суға да түсіре алмай отырмын.

Су неге жоқ? Айтайық. Бір насос күйіп кеткен. Екіншісінің күші тоғызыншы қабатқа дейін ғана жетеді. Одан әрі қысым азая береді. Соңғы қабаттарда тіршілік нәрі мүлдем жоқ.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Бұл үйде судың жоқтығын көрсету үшін камерамызды қолға алып, 14-қабатқа жаяу көтеріліп барамыз. Себебі жеделсаты мұнда атымен істемейді.

Қанат Ерғалиев, қала тұрғыны:

– Үйдің астында дүкен бар. Содан барып аламыз. Литрі 15 теңгеден. Ал ішетін суды құтымен алып, балаға тамақ пісіреміз.

Судың бірнеше күннен бері жоқтығын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Қанат құтыларын алып, күн сайын тіршілік нәрін дүкеннен бір өзі тасиды. 14-қабатқа дейін жаяу мініп, жаяу түседі.

Айжан Әбдірахманова, қала тұрғыны:

– Үш кішкентай балам бар. Күнде таңертең оларды мектепке апару керек. 9-қабаттан 3 баламмен бір өзім түсіп, апарып, қайтадан алып келемін.

Кезінде бұл аумақта жер үйлер болған. Содан әлгі баспаналар сүрілген кезде, су құбырлары жөндеп бекітілмеген көрінеді. Енді сол жерлерден шыққан су жеделсатылардың шахтасын басуда. Ылғал болған соң, үйдің кіреберісі де көгерген. Қабырғасы үгітіліп жатыр. Жалпы бұл өзі 2009 жылы салынған үй. Содан бері бірде бір рет жөнделмепті.

Елена Никольченко, қала тұрғыны:

– Жертөлеміздің іші адам шошырлық. Жоғарғы қабаттардың төбесінен су ағады. Бұл үйде тұратындардың талабы біз «Жайлы үйлер» серіктестігінің қарамағынан шыққымыз келеді. Оның директоры кезінде мұндағы адамдардың келісімін алмай, жалған қол қойдырып, осы үйді өзінің балансына кіргізген. Енді аталған серіктестістен шыға алмай отырмыз. Бар кінәрат осында.

«Жайлы үйлер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорына жолықтық. Айтуынша, «Сәтпаев 20» мекенжайындағы үйді баланстарына былтыр ғана алған. «Барлық шикілік мұның алдындағы компаниядан қалған», – деп ақталды. Ал судың жуық арада болмайтынын бұл азаматша жасырмады.

Маржан Карпаева, коммуналдық компанияның басшысы:

– Ең алдымен насосты ауыстыру керек. Су сорғыш бір ғана қондырғы тіршілік нәрін тек оныншы қабатқа дейін жеткізе алады. Сондықтан жаңадан насос алмайынша, бұл жағдай шешілмейді. Ол үшін тұрғындар өздері ақша жинауы тиіс.

Насостың ең арзаны 395 мың тұрады. Орташа есеппен тұрғындар 400 мың теңге жинап, аталған қондырғыны сатып алулары тиіс екен. Жалпы «Жайлы үйлер» серіктестігінің қарамағында осы күні 17 үй бар екен. Соның бірі Сәтпаев көшесіндегі жиырмасыншы үй болса, екіншісі – 18-тұрғын жай. Соңғы аталғанның да жағдайы бес емес. 3, 4-қабаттағы пәтерлер азынап тұр. Суық болған соң, тұрғындар электр пешін жағуға мәжбүр. Қызмет көрсетіп жарытпаған серіктестіктен енді қос үйдің де тұрғындары ат тонын ала қашып отыр. Халық коммуналдық мекеме басшысы келісімшартты бұзуға көнбесе, әлгі компанияны сотқа бермекші.

Жалпы еліміздің Тұрғын үй қорында 78 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Оларды басқарудың 4 түрлі жолы белгіленген. Сол бағыттар бойынша жіктесек, меншік иелерімен бірлесіп басқарудың 5500, ПИК-тердің 3 мыңға жуық, заңды және жеке тұлғаларды жалдаудың 500-ге тарта, Тұтынушылық кооперативтерінің 4 мыңнан астамы жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы