386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жалақысы төмен жұмысшылардың жүктемесі 10 есе азайды

  • 672
  • UPD: 20:28, 22.01.2019

Баспанасы бар азаматтарға да «7-20-25» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік берілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы осындай бастама көтерді. Қолданыстағы тәртіп бойынша бағдарламаға қатысушылардың басыбайлы баспанасы болмауы керек.

Үкімет жыл сайын баспана алудың шарттарын жеңілдеткенге қарамастан, үйсіз жүрген тұрғындар саны азаяр емес. Биылдың өзінде шамамен 16 мың пәтерге сұраныс бар. Бұл ретте Ұлттық банк «Баспана» қорына 150 млрд теңгеге дейінгі сомадағы облигацияларын сатып алуына рұқсат берді. Нәтижесінде қазірдің өзінде кей өңірлер тұрғын үй сертификаттарын табыстауда. Мәселен, Астана әкімдігі 1 млн теңге бастапқы жарнаны субсидиялау үшін әлеуметтік сала қызметкерлеріне 100 сертификат берді.

Бес әлеуметтік бастаманың екінші бағытын жүзеге асыру аясында жалақысы төмен жұмысшылардың жүктемесі 10 есе азайтылды. Нәтижесінде 2 млн-ға жуық қызметкер жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады.

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

– Екінші бастамада жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеу тапсырылды. Соған сай халықаралық тәжірибе зерделеніп, жалдамалы еңбекке ақы төлеудегі ағымдағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізілген. Жалпы алғанда жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту бойынша тапсырма орындалды.

Президент пәрменінің бірі – білім гранттарын арттыру. Жауапты министрлік «Жүктелген жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз», – дейді. Яғни жыл сайын 69 мың түлектің тегін оқуына жағдай жасалады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Осы жылдан бастап ҰБТ жылына төрт рет өткізіледі. Қаңтарда бірінші рет өткіздік. 35 мыңнан астам бала қатысты. Осы түлектерге ақылы оқу үшін ЖОО-ға түсу мүмкіндігі берілді. Осы жылы магистратураға білім беру гранттарын беру бакалавриатпен бірдей болады.

Министрлер кабинеті бас шаһарды газдандыру жайын да пысықтады. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, «Сарыарқа» жобасы аясында құбыр дәнекерлеу жұмыстары 21 наурызда басталуы тиіс. Жұмыс жоспардан кешіктірілмесе, биыл Астанаға көгілдір отын жетеді деген сенім бар.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы