422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР ҰҚК өкілі қазақ-қырғыз шекарасында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді

  • 1761
  • UPD: 23:18, 29.01.2019

Сирияда тағы 300-ге жуық отандасымыз бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соның 100-ге жуығы қару асынып, соғысып жүр. Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өткен. Жаңағы мәліметті сол жиында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері жария етті. 

Жақында ғана соғыс оты тұтанған елден 47 қазақстандық елге қайтарылды. Бұл от кешкен отандастырымыздың бір бөлігі ғана. Сөйтсек, заңсыз шетел асқандар саны 300-ге жеткен. Сорақысы сол, соның ішінде 100-ге жуық адам қолына қару алып, содырлар қатарында соғысып жүр.

Нұрғали Білісбеков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

- Елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар да бар. Дегенмен бүгінгі күні қақтығыс аймағында қазақстандық әйелдер әлі де жүр деген мәлімет бар. Біз олардың әрекеттеріне қылмыстық құқық тұрғыдан баға береміз. Сондықтан елге оралған жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Соғыс аймақтарында жүрген азаматтарымыз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұдайы бақылауында болады. Себебі, террористер жаңа леп алып, ұрыс жүргізудің өзге тәсіліне көшкен. Ол аздай халықаралық лаңкестік ұйымдар террорлық актілерді қайта жандандырудың жолын іздеуде.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ауғанстан мәселесі дүниежүзінде үлкен алаңдатушылық туғызып отыр. Өйткені Ауғанстаннан Америка әскері шығарылды. Ол жерде «Талибан» өз күшіне мініп отыр. Қазірдің өзінде 40-тан астам ДАИШ-ке қатысушы түрлі террористік ұйымдардың басшылары түрмеден шығарылды. Біздің терроризмге қарсы тиісті құрылымдарды техникамен жарақтандыру керек деп есептейміз.

Сенаторлар соңғы рет қазақ-қырғыз шекарасында болған қанды оқиғаның мән-жайын сұрады. Депутаттар қару қолданған айырқалпақты ағайындардың ісі қаншалықты заңды екеніне алаңдап отыр.

Нұржан Нұрсипатов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Тексерістің барысын айтып беріңізші. Шындығында, біздің жақтан бірінші оқ атылды ма? Қолдарында мылтық болды ма? Соның бәрін тексеріп жатырсыздар ма?

Дархан Ділманов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары-шекара қызметінің директоры:

- Шекараны кесіп өтпек болған үш қазақстандық қырғыз шекарашыларының өміріне қауіп төндіретін әрекетке барған деген ойдамыз. Олардың айтуынша, күдіктілер офицер мен солдатқа пышақ жұмсаған. Дегенмен қанды оқиға болған жерде ешқандай қару мен оқ-дәрілер табылмады. Осы жағдайдан кейін біз қырғыз тарапына алдағы уақытта қару қолданбау жағын қатаң ескерттік.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ерхат Заитхан

Хабар 24 телеарнасы