431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ұлы дала» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды

  • 2939
  • UPD: 21:40, 01.02.2019

Астанада қарымды қаламгерлер марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шараға еліміздің әр өңірінен дарынды жазушылар мен жас ақындар қатысты. Олар әртүрлі тақырыпта қалам тербеген. Қазылар алқасы солардың тек үздіктерін іріктеп, жүлдегерлерді 5 аталым бойынша анықтапты. Жарыс жеңімпаздарына қомақты сыйлықтар табысталды.

Келдек қаламын серік еткен жас қаламгерлер шетінен осылай марапатталып жатты. «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы елімізде алғаш ұйымдастырылып отыр. Оған дарынды жазушылар, жас ақындар мен драматургия саласында қалам тербеп жүрген жандар қатысты. Қазылар алқасы 400-ден аса шығарманы іріктеп, тек үздіктерін ғана таңдап алған.       

Төлен Әбдік, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Поэзия бізде бұрыннан бар. Ал проза кешеуілдеп жатыр деп едім, сөйтсем прозада да жақсы аттар бар екен. Қазіргі прозаның ерекшелігі – әлеуметтік мәселелер өте жоғары. Жақсы концепция, бүгінгі өмірдің қайшылығы, бүгінгі өмірдің жетістігі – бәрі бар.

Жарыс жеңімпаздары 5 аталым бойынша марапатталды. Олардың әрқайсысына қомақты қаражат табысталды. «Бұл әдебиеттің адымын алшаңдатуға бел буған бүгінгі буынның бұғанасын бекітіп, қабырғасын қатайтуға мол мүмкіндік берді», – дейді жүлдегерлер.    

Мақсат Мәліков, байқау жеңімпазы:

- Мұндай байқаулар, шығармашылық конкурстар әрқашан өзінің бір нәтижесін береді деп ойлаймыз. Әдебиетшілер, шығармашылық жастар осындай байқауларға қатысу арқылы, бір жағынан, қомақты қаржыға кенеледі, екінші жағынан, шығармашылық жолына стимул береді.

Қанжығасын майлаған жас қаламгерлер әдебиеттегі қарымдарын үдете бермек. Олар елімізде сатира жанры соңғы уақытта кенжелеп қалғанын айтады. Сондықтан үнжырғасы түскен әжуаның еңсесін тіктеуді көздейді. Ал бас партия басшылығы «Ұлы дала» байқауын келесі жылы да ұйымдастыруды мақсат еткен. Дәстүрлі шараға айналса, ауқымы да кеңейеді.            

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты концептуалды мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы идеология саласындағы жаңа кезеңді ашып берді. Елбасы осы мақалаларда рухани өмірді жаңғыртуға бағытталған нақты мәселелер көтерді. Осы құндылықтарды, идеяларды насихаттау, рухани жаңғыруға өзіміздің үлесімізді қосу – бәріміздің міндетіміз. Әсіресе жастардың арасында көп жұмыстар жасалуы керек.   

Президент пәрменімен «Нұр Отан» партиясы Жазушылар одағымен бірлесіп өзге де жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Алдағы уақытта қалың оқырманды тың дүниелермен қуантамыз», – дейді қаламгерлер.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы