429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сырбойылық кәсіпкердің арызы қанағаттандырылды

  • 1669
  • UPD: 15:28, 18.02.2019

«Кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жарияланса да, өңірдегі өндіріс ошақтары жергілікті билік тарапынан демеу сезінбей отыр», – дейді сырбойылық кәсіпкер Қайрат Бердібаев.

Қармақшы аудандық индустриалды аймағына темір балқыту цехын салған ол электр энергиясы жеткізілмегендіктен, 2 жылдан бері өнім шығаруды бастай алмай жүргенін айтып арна редакциясына хабарласқан еді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Электр тоғы болғанда қазір мұнда тіршілік қайнап жатуы тиіс еді деп бастады әңгімесін қармақшылық кәсіпкер. 121 миллион теңгеге инфрақұрылымы толық жеткізілді делінген индустриалды аймаққа 4 жыл бұрын қазық қаққан Қайрат Бердібаев өндірістік нысан әлі қаңырап тұрғанын қынжылыспен жеткізді. Темір балқытып, шеге, бұранда, арматура шығаратын қондырғылары да 2 жылдан бері қаңтарулы тұр. Электр қуатының тартылмауынан өндіріс тұралап, шығынға батқанын айтады.

Қайрат Бердібаев, кәсіпкер:

- Қоршауының өзіне 20-30 млн тг жұмсадым, қондырғылардың өзіне 50 млн тг жұмсадым. Қарауылдың өзіне 3 жылда мен 3 жарым млн тг жұмсап отырмын. Кеше маған 13 млн тг керек тоғыңды ала аласың деп сметасын беріп отыр. Оған төлейтін ондай қаражат жоқ.

Аумағы 15 гектарды құрайтын өндірістік аймаққа жол, су, жарық жеткізілген. «Бірақ темір өнімдерін шығару цехының иесі электр тоғына деген қажеттілікті жыл сайын арттырып отыр», – дейді энергетиктер.

Мейрамбек Дәрменов, Қармақшы аудандық электр тарату торабы директорының орынбасары:

- 2017 жылы бұл кісі қоршау жұмыстары және ғимарат жөндеуге 30 кВт тех шартына сәйкес біз түсіріп бердік. 2018 жылдың жазында 150 кВт сұраған, оған да бергенбіз техшарт. Қазір 500 кВт сұрап отыр. Бұған сапасыз электр энергиясын беруге болмайды. Электр қондырғылары шыдамайтын болғандықтан, қосалқы станция қоюға бергенбіз.

Жалғас Сүйеубаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:

- 500 кВт бөлек электр желісін жүргізу үшін кем дегенде 1 км 10 кВт электр желісін өткіземіз. Өз алдына бөлек 630 кВт трансформатор қойып беруіміз керек. Оған құрығанда бюджеттен 18-20 млн тг көлемінде қаражат шығады. Біз одан қашып тұрған жоқпыз, істеп береміз. Бірақ қандай өнім дайындайсыз, неше жұмыс орнын қамтамасыз етесіз, алатын шикізат көзі дайындап жатқан жобасы дәлелді болуы керек.

Нысанның өндірістік қуаты жоғарылағандықтан ол шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі саналмайды. «Сондықтан бизнес жоба қайта жасалуы тиіс», – дейді сала мамандары. Арызданушының өтініші, энергетикалық сұранысы мен техникалық мүмкіндіктер аудандық әкімдік пен кәсіпкерлер палатасында жан-жақты сараланды.

Арман Ермекбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасы қармақшы аудандық филиал директоры:

- Бизнес жоспарын дайындауға әзірміз. Сонымен қатар бизнес жобасын сүймелдеп, содан кейін өндірілген өнімді өткізуге дейін көмектесуге әзірміз.

Осылайша кәсіпкерлік кедергісі жойылды. Жақын күндері бизнес жобасы даяр болса, тоқ тартылады. Жарық келсе, шаң басқан қондырғылар қозғалып, өндіріс жанданып сала бермек. Өз тарапымыздан нысанның іске қосылуын біздің арнадан тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы