423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкіметтік комиссия мүшелері Тараздағы оқиға орнына келіп жетті

  • 1370
  • UPD: 14:07, 27.02.2019

Елбасы тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында бүгін таңда болған төтенше жағдайды тергеуге қатысты құрылған үкіметтік комиссия оқиға орнына жетті.

Қазір Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек бастаған комиссия мүшелері мән-жаймен танысуға кірісіп кетті. Дәл қазіргі сәтте апат болған үйдің тұрғындарымен кездесіп, хал-жағдайын сұрауда.

Бұған дейінгі жаңалықтарда шаһардағы Мыңбұлақ шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болғанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, апат болған үй 1980 жылы салынған. Жарылыстан 90 пәтерлік үйдің 1-подъезіндегі 15 пәтер зардап шеккен. Әсіресе 1-ші, 2-ші және 3-қабаттарда жарылыс жойқын болып, бетон плиталар опырылып түскен. Жақын маңдағы №47 мектепте зардап шеккен үйдің тұрғындарына ыстық тамақ ұйымдастырылды. Оқиға орнында 260 адам мен 40-тан астам техника жұмыс істеп жатыр. Ауруханаға түскен 6 адамның үшеуіне дәрігерлік көмек көрсетіліп, жағдайы жақсы болғандықтан, үйлеріне қайтарылды. Үш адам әлі де дәрігерлердің бақылауында. Олардың біреуі – 15 жастағы жасөсіпірім, оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Дәл қазір Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек пен облыс әкімі мамандардың қатысуымен жиын өткізіп жатыр.

Бекболат Орынбеков, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- Газ құралдарының қауіпсіздігінің ережесі сақталмаған, сондай болжам болып отыр, толық қорытындысы арнайы тексеру жұмыстары біткеннен кейін анық берілетін болады.

Нәсіп Дәулетова, куәгер:

- Сағатқа да қарамадық, ұйқыда жатқанбыз, мән берген жоқпыз, 5-10 минуттан кейін бір кісінің айқайы естілді. Одан кейін менің балам далаға атып шықты, сөйтіп артынан шыққанша баламды таппай қалдым, жарылған пәтерге кіріп кетіпті.

Хабар 24 телеарнасы