384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • 922
  • UPD: 20:59, 27.02.2019

Таразда болған жарылыстан зардап шеккендер мен қайтыс болғандардың отбасына мемлекет тарапынан жан-жақты жәрдем беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көмектің алғашқы легі бүгін көрсетіліп, бірінші кезекте пәтерсіз қалған тұрғындар уақытша баспанамен қамтылды.

Оқиға орнына жеткен Үкіметтік комиссия мүшелері жағдайды көзбен көрді. Жарылыстан кейін 135 адам қауіпсіз жерге шығарылып, 30 адам жақын маңдағы нөмірі 47-мектепке орналастырылған болатын. Комиссия төрағасы бірінші кезекте осы зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Артынан шұғыл түрде штаб отырысы өткізіліп, келген залалды жою, қалпына келтіру, баспанасыз қалғандарға көмек көрсету бағытында нақты шешімдер қабылданды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Зерттеуді бітіріп, анықтаймыз. Зардап шеккен кісілерге қазір ыстық тамақ және тұратын пәтерлер беріліп жатыр. Арнайы Алматыдан КАЗНИСА институтының өкілдері келіп жатыр. Бір-екі күн ішінде толық ақпаратты береміз.

Естеріңізге салсақ, жарылыс кезінде 3 адам қайтыс болып, 6 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың екеуі ауыр халде жатыр. Біреуінің жағдайы орташа. Комиссия мүшелері дәрігерлермен кездесіп, науқастардың жағдайын сұрады.

Марат Жұманқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 15 жасар қыз баланың жағдайы ауыр. Екінші зардап шеккен азамат екінші қалалық ауруханада жатыр. 2-3 дәрежедегі күйікпен түсіп отыр. Жағдайы ауыр.

Қаладағы Бәйтерек ықшамауданында жаңадан салынған үйден 50 адамға орын дайындалды. Пәтерсіз қалғандар осында орналастырылады.

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

– Үйден 35 отбасы басқа жерге қоныс аударылып отыр. Арнайы қорытындысын қазір тосамыз. Шеткі подъездегі үйлерге бүгінгі таңда кіргізуге болады деген алдын ала қорытынды беріп отыр. Дегенмен де адам өміріне қатысы болғаннан кейін тереңірек зерттеп, ресми қорытынды күтіп отырмыз.

Қазір қайғылы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша жойқын жарылыс газдан болған. «Ал егер де қандай да бір заңбұзушылық анықталып, кінәлілер белгілі болса, қатаң жауапқа тартылады», деді Жеңіс Қасымбек.

Руслан Бақытбекұлы, тілші

– Жарылыстан қайтыс болғандардың отбасына 1 миллион теңге көлемінде бірреттік жәрдем көрсетілетін болды. Сондай-ақ марқұмдарды жерлеу рәсіміне кеткен шығын да жергілікті билік тарапынан бөлінбек. Ал жойқын жарылыстан қабырғалары қақыраған пәтер тұрғындарын уақытша баспанамен қамтамасыз ету үшін қазір 20 пәтер дайындалды. Мамандар қазір оқиғаның неден болғанын анықтау үшін қызу жұмыс істеп жатыр. Бірер күннен кейін нақты жауап айтылады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы