378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-ның Бесқарағай ауылындағы үйлерге су басу қаупі төнді

  • 216
  • UPD: 21:59, 07.03.2019

Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауылындағы 81 үйді су басу қаупі бар. Қазір төтенше жағдайдың алдын алу үшін кешенді шаралар қолға алынған. Бөгеттер салынып, сорғылар сатып алынды. Тұрғындар тарапынан құрылған ынталы топ та жұмысқа белсене ат салысуда. Ал Ертіс өзенінде сең жүрген кезде, кептеліс болмас үшін мұз жару жұмыстарына облыстық бюджеттен 114 миллион теңге бөлініпті. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Октябрь көшесіндегі бірнеше үй осыдан 2 жыл бұрын су астында қалып, тұруға жарамсыз болып қалған еді. Олардың тұрғындары қазір басқа үйлерге көшірілген. Дегенмен, қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан ауыл ішінде де, сыртында да төтенше жағдайдың алдын алуға байланысты жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

Көктем келсе, үйімізді су баса ма деп бесқарағайлықтардан маза қашқалы 3 жыл болды. Барлық гәп ауылдың ортасындағы Куликов деп аталатын көлшікте су деңгейінің көтерілуі. Жарты ғасырдан бері мұндайды көрмеген халық қазір алаңдаулы. Октябрь көшесінің тұрғыны Күлбаран Хамзина да былтыр ескі үйім құлап қала ма деп, ағаштан басқа үй тұрғызып алыпты.

Күлбаран Хамзина, Бесқарағай ауылының тұрғыны:

- 5 жыл осы жерде тұрамын, 2 жыл болды су тасып жатыр. Көмектері есіктің алдына құмды үйеді де кетеді. Судың шініде қалған қаншама кісілеріміз тұр әлі күнге дейін шырылдап отыр, мұздың үстінде отырған. Мал өспейді, картошка шыққан жоқ. Оның бәрі бізге шығын ғой. Енді қазір барсам, құм үйеміз, апа, құм үйеміз дейді.

Дәулет Батырбаев, Бесқарағай ауданының әкімі:

- Біздің жүргізген зерттеулердің нәтижесінде Бесқарағай ауылындағы 81 үйге су басу қаупі бар екені анықталды. Былтыр ауыл ішінде бөгет жасалған, бірақ ол жеткіліксіз болды, сондықтан елдімекен сыртынан келетін судың жолын бөгеу үшін тағы да қосымша бір жарым шақырым жерге топырақ үю жұмыстары жүріп жатыр.

Әкімдіктегілердің айтуынша, көлшіктің бұлайша жайылуы жер асты суларының көтерілуінен. Алайда бұл болжам ғана, сондықтан мәселені арнайы гидрогеологтар келіп анықтау керек. Жалпы қазір аудандағы төтенше жағдайдың алдын алу үшін 5 миллион 750 мың теңге қарастырылған. 20 шақты техника, 10 бригада тасқынның алдын алуға жұмылдырылған. Ертісте әлі сең жүрген жоқ. Өзен жағасында орналасқан ауылдар бақылауға алынып, кезекшілік ұйымдастырылған дейді атқарушы билік өкілдері.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы