378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында жұмыс іздеп жүрген жастарға жағдай жасалмақ

  • 359
  • UPD: 20:52, 08.03.2019

Қолына жұмыс, басына баспана және аяққа тұрып кету үшін 2 миллион теңге. Қарағанды облысындағы Шахтерское ауылы жұмыс іздеп жүргендерге осындай жағдай жасаймыз деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ақпаратты алысымен Астанадағы бір топ жас маман шалғай жатқан ауылды бетке алған болатын. 

Бұл – Астанадан 130, ал Қарағандыдан 200 шақырым қашықтықта жатқан елді мекен. Мыңнан аса тұрғыны бар және барлығы дерлік жергілікті дәнді-дақылдар егуші кәсіпорында қызмет етеді. Яғни жазға қарай егіс даласында, ал қыс түскенде алып қоймаларда жұмыс қызады. Ауылға керегі де осы саланың білікті мамандары. Әсіресе, жоғары білімді агроном, инженер және энергетиктерге дайын жұмыс орындары бар.

Георгий Прокоп, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Биыл Жастар жылы деп жарияланды. Осы бастаманы қолдау мақсатында ауылымызға жас мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Мәселен, міне бүгін Астанадағы қазақ агротехникалық университетінің түлектері келіп, жұмыс шарттарымен және жасалатын жағдаймен танысып жатыр. Нәтижесінде, екіжақты тиімді келісімдер болады деген үміттемін.

Ауылға келем дегендерге жұмыс та, баспана да және бір реттік берілетін 2 миллион теңге де дайын. Бұған қоса, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытты тиімді пайдалану үшін жүзу бассейнін, спорт кешенін, тіпті хоккей кортын да салып тастаған. Қысқасы жағдай қаладағыдан кем емес деуге келеді. Осының есесіне ауылға келген жас маман 5 жыл бойы аянбай еңбек етуі керек. Қойылатын талап жалғыз осы ғана.

Аслан Қаженов, тілші:

– Болашақта ауылдағы орташа жалақы деңгейін одан әрі арттырып, 250 мың теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін әрине, соңғы технологияларды тиімді игеріп, еңбек өнімділігін еселей түсу керек. Бұл тұрғыда жас мамандардың берері көп болмақ.

Нұрсұлтан Мәді, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің түлегі:

– Бұл жерде тек элиталы тұқымдар өсіретін шаруашылық болғандықтан, осында келіп отырмын және агроном болып осында жұмыс істегім келеді. Ең басты ойым тәжірибе жинап, келешекте шаруашылықта жұмыс істеу.

Ауылға келген жастар жұмыстың барысымен танысып, шаруашылық басшылығымен жеке-жеке сөйлесіп шықты. Енді жақын арада нақты шешім айтылу керек. Бас-аяғы 7 адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр. Ал Қазақ агротеникалық университеті болса студенттерге арналған осындай сапарды енді Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да ұйымдастырмақ.

Авторлары: Аслан Қаженов, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы