375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандық екі құрбы үшін 8 наурыз – ерекше күн

  • 330
  • UPD: 21:29, 08.03.2019

Түркістан облысы Келес ауданының Бесқұбыр ауылында тұратын Мейраш Нахипова мен Мейраш Балабекова үшін 8 наурыз – қос мереке.

Себебі екі құрбы бұл күні – тек Халықаралық әйелдер күні мерекесін ғана емес, туған күндерін де бірге тойлайды. Әрі екеуі бір-бірімен құда-құдағи. Мұндай сәйкестікті өздері де жақсы ырымға балайды.

Біз есімдері ғана емес, бір күнде туып, бір күнде тұрмысқа шыққан құдағиларды арнайы іздеп, Келес ауданының Бесқұбыр ауылына бардық. Сонда Мейраш Нахиповадан құдағиының шұғыл шаруалармен Алматыға кеткенін естідік. Дереу алматылық әріптестерімізге хабарласып, солардың көмегімен Мейраш Балабекованы да таспаға түсіріп алдық. Бұл – 10 бала туып, тәрбиелеген Мейраш Нахипованың шаңырағы. Батыр ана өмір бойы осы ауылдағы ауруханада медбике болып қызмет еткен. Қос құрбы бір ауылда тұрғанымен алғашында есімдеріміз ғана ұқсас деп ойлаған.

Мейраш Нахипова, көпбалалы ана:

– Оның да аты - Мейраш, менің де атым – Мейраш. Кейін сұраса келе екеуіміз 1 күнде туыппыз, 1 күнде тұрмысқа шығыппыз. Ақырында құда-құдағи болып кеттік. Алты баладан кейін 4 қыз тудым. Ең кенже қызымды солар келін ғып алды.

Ал Мейраш Балабекова ауылдағы дүкенде сатушы болып жұмыс істеген. Қос құдағи алғашында бір-бірінің ұқсастықтарын білгенде қатты таңырқайды. Үлкендер мұның тегін емес екендігін айтып, бәрін жақсылыққа балайды. Өздері де бұл жағдайды Алланың сыйы, тағдырдың тартуы деп қабылдайды.  

Құдағилардың бұл ерекшелігі елдің арасында тез тарайды. «Расында солай ма? Шынында да бір күнде тудыңыздар ма?» деп сұраушылар көбейеді. Қызық жаңалық тілшілердің де құлағына тиеді. Осылайша танымал болып шыға келген құдағилардың шаңырағы 8 наурыз мерекесінде қонақтан босамайды.

Уалихан Нахипов, М.Нахипованың ұлы:

– 8 наурыз күні біз үйден шыға алмаймыз. Қарашаңырақ болғанан кейін ағайын-туыстың бәрі келеді. Той болып кетеді. Құдағилар бір-бірін құттықтап, барып тұрады. Той-томалақтан қалмаймыз. Ағайын болып кеткен сияқтымыз. Бұрыннан танимыз.

Мейраш Нахипова, көпбалалы ана:

– Туған күннің мерекесі 8 наурыз біз үшін. Бізге қадірлі күн. Құттықтап барамыз, келеміз. Бір-бірімізге сыйлық береміз.

Осылайша көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күні екі құдағи үшін қос мерекеге айналды. Аналардың тағдыр жолындағы ұқсастық пен сәйкестік сыйластыққа ұласып, татулықтың үлгісіне айналды. Бүгінде Бесқұбыр ауылының тұрғындары елге үлгі болып отырған батыр аналармен мақтанады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы