378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде бірқатар аймаққа су тасу қаупі төніп тұр

  • 288
  • UPD: 16:44, 09.03.2019

Биылғы көктемде Қарағанды, Қостанай, Шығыс пен Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны болу қаупі бар. Бұл аймақтарда қардың көбесі енді сөгіле бастады. Сондықтан өңірлік төтенше жағдайлар департаменттері арнайы оқу-жаттығулар өткізіп, тасқынның алдын алу шараларын пысықтап жатыр. Ал су басу қаупі бар ауыл, елді мекен, аудан, қалаларда арнайы комиссиялар құрылды.

Шығыс Қазақстан облысында 74 елді мекенді су басуы мүмкін. Бұл негізінен Қатонқарағай, Бесқарағай, Шемонаиха, Барадулиха, Алтай аудандарындағы ауылдар. Өскемен мен Семей және Риддер қалалары да қауіпті аймақтар қатарында. Сондықтан төтенше жағдайлар мен коммуналдық салдағы мамандар мен техникалардың дайындығы күнде пысықталады.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі:

- Күштер мен құралдар барлығы дайындыққа келтірілген. 6 мобильді топ құрылған. Жеке құрамнан мың шақты адам. 300-дей көмекші құралдар, 60 шақты жүзу құралдары дайындыққа келтірілген.

Бесқарағай ауылындағы 81 үйді су басу қаупі бар.Сол үшін бұл аудан бойынша да тасқынға тосқын жұмыстары қарқынды қолға алынған. Өйткені соңғы үш жылда көктем келсімен бірнеше көшенің тұрғындары толарсқтан саз кешеді. Өйткені ауыл  ортасындағы көлшіктің деңгейі жылда көтеріледі.

Күлбаран Хамзина, Бесқарағай ауылының тұрғыны:

- 5 жыл осы жерде тұрамын, 2 жыл болды су тасып жатыр. Көмектері есіктің алдына құмды үйеді де кетеді. Судың шініде қалған қаншама кісілеріміз тұр әлі күнге дейін шырылдап отыр, мұздың үстінде отырған.

Былтыр ауыл ішінде бөгет жасалған. Бірақ ол жеткіліксіз болғандықтан даладан келетін судың жолын бөгеу үшін тағы да, бір жарым шақырым жерге топырақ үйіліп жатыр. Жалпы ауданда қарғын суға қарсы шаралар үшін 5 миллион 750 мың теңге бөлінген. Оған қоса 20 шақты техника мен 10 бригада дайын отыр.

Солтүстікте де биыл 92 елді мекенді су басуы мүмкін. Құтқарушылар бұл ауылдарды күнделікті  бақылайды. Тек төтенше жағдайлар департаментінен 1300 маман мен бірнеше топ құрылды. 700-ге жуық  техника және 112 эвакуациялық бекет дайын тұр. Егер су тасқыны болса облыстық резервтен 525 миллион теңге бөлінбек.

Рамиль Камалов, облыстық ТЖД басшысы:

- Биыл бізге республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, қосымша тағы 62 мотопомпа сатып алынды. Олардың әрқайсысы сағатына 130 текше метр су сорады. Қазір дайындығымыз жаман емес. Енді наурыз айының үшінші он күндігінен бастап біз жеке құрамды облыстың оңтүстік бөлігінде орналасқан Уәлиханов, Айыртау және Ғабит Мүсірепов аудандарына жіберетін боламыз.

Қостанай облысындағы өзен-көлдердегі мұзды жару жұмыстары басталды. Бүгінге дейін бес ауданда 58 мың текше метрден астам мұз жарылды. Нәтижесінде өзен арнасы кеңіп, судың деңгейі төмендеді. Өңірдегі қазір негізгі су қоймалардың 75 проценті толған. Жалпы аймақта наурыз айының соңы мен сәуірдің ортасында су тасуы мүмкін.

Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қаупі бар елді мекендерде инертты материалдар, қапшықтар, жанармай қорлары жеткілікті көлемде дайын тұр. Алдын-ала әзірленіп қойған. Оған қоса, сол елді мекендерде қарды шығару, айналмалы өту каналдарын, арықтарын тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Дегенмен, өңірде күн райы күрт жылынса 39 елді мекенді су басуы мүмкін. Сондықтан аймақта айтып келмейтін апаттың алдын-алуға биыл 442 миллион теңге бөлінді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Олжас Керейхан, Болат Көкенайұлы, Самат Қайырденұлы

Хабар 24 телеарнасы