389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда ауылдастарына несие алдыртқан фермерге қатысты сот үкімі шықты

  • 475
  • UPD: 15:16, 14.03.2019

Петропавл қаласында ауылдастарына несие алдыртқан шаруаның ісіне қатысты апелляциялық соттың шешімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кәсіпкер Николай Иванов 15 жерлесіне «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алдыртып, оны қайтармай қойған.

Бұл оқиға 2012 жылы басталған. Пакровкка ауылында картоп шаруашылығымен айналысқан Николай Иванов деген кәсіпкер 15 адамды «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламына қатысып, өзіне 3 млн теңгеден несие алып беруді сұрайды. Оның орнына ол тұрақты жұмыс пен жылдық үлеспайда, яғни дивиденд уәде еткен. Іскер азаматтың сөзіне сенген тұрғындар оған сенімхат жазып берген. Бұл құжат олардың атынан іс жүргізуге құқық береді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алу үшін кәсіпкерлік курсынан өту керек. Есіл аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері 15 адамның құжаттарын түгендеп, оқуға жібереді. Осылайша барлық шарт орындалып, оларға 3 млн теңгеден барлығы 45 млн теңге беріледі. Оны кәсіпкер алып, картоп егеді. Жылдар өте оның шаруасы жүрмей, қарыз қордаланып қалады. Қаржы ұйымдары оны сотқа беріп, Иванов алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл шартты түрде жаза алды. Ол үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Облыстық сотта айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ. Айтуынша, несие алуға адамдар өз еркімен келіскен. Ал оны бұл іске «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы итермелеген.

Николай Иванов, кәсіпкер:

- Бұл жерде олардың мүдделері болды. Мақсаттары: тұрғындарға көбірек несие беріп, қаржыны игеру. Сәйкесінше жақсы көрсеткіштер жазылады. Сонымен қатар аудан басшылығы да қызығушылық танытты.

Облыстық сот бірінші шешімді өзгеріссіз қалдырып, кәсіпкерді аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп таныды. Бірақ оған қатысты шартты жазаны 5 жылдан 3 жылға қысқартты. Қарызды да ол төлейтін болды.

Владимир Кириленко, облыстық соттың қылмыстық іс бойынша сот алқасының төрағасы:

- Сотталушы Ивановтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмасын. Қаулы бүгіннен бастап заңды күшіне енсін. Ол кассациялық тәртіпте қайта қаралуы мүмкін.

Бұл жерде бір-ақ сұрақтың жауабы жоқ. Адамдар мемлекеттік бағдарлама бойынша қалай оқыған? Қалай сертификат алған? Енді оны прокурорлар анықтайды. Тұрғындар әзірге шағым түсіріп қойды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы