389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жастар үшін үйлер салынады

  • 1653
  • UPD: 23:32, 18.03.2019

Елімізде жастар үшін биыл жаңадан пәтерлер салынып, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

29 жасқа дейінгі азаматтар бұл баспаналарды 3 жыл бойы жалдап тұруға құқылы. Бірақ жекешелендіре алмайды. Жастар жылында тағы қандай игі істер атқарылмақ?

Жастар жылында жүзеге асырылатын жұмыстардың жол картасы әзірленді. Бағдарлама негізгі 4 бағыт пен 84 тармақтан тұрады. Соның негізгісі – жас буынды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жөн. Үй болса – күй болады. Сондықтан жастар үшін Астана, Алматы, Шымкент қалаларында биыл 1050 пәтер салынбақ. Сатылмайды. Жалға беріледі. Жастар үйлерді тек 3 жылға жалға ала алады. Ай сайынғы төлемі аса қымбат болмайды-мыс. Әлгі 3 жылдың ішінде азаматтың жеке пәтеріне ақша жинап алуға мүмкіндік жасалмақ осылайша. Жалдамалы баспананың негізгі мақсаты да осы.

Асхат Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Жалдамалы пәтерге ие болудың негізгі қағидасы – азамат 29 жастан аспауы тиіс. Міндетті түрде жұмыс істеуі қажет. Бағдарламаға заңды түрде еңбек ететін кез келген жас қатыса алады.

Асхат Оралов былай дейді: «Жалдамалы пәтерлер жастардың жағдайын жақсартып жатса, тек ірі үш қалада емес, өзге де аймақтарда салынарына тырысамыз деген уәде бере аламыз».

Жә. Кәсіпкерлікке бет бұрған жастарға да қолдау жасалады. Жаңа бизнес идеясын ұсынатын жастардың әрқайсысына 500 мың теңгеге дейін қайтарымсыз қаражат беріледі. Бұл бағытта тек биылдың өзінде 10 мың грант бөлінбек. Жоба 2021 жылға дейін жүзеге асып, ұзын саны 30 мың жасты қамтиды. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Кәсіп бастауға ниетті 600 шақты жастың әрбірі 3 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Хош. Бір бұл емес. «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында да жастарға көмек беріледі. Жалпы бұл бағдарлама жүзеге асқалы 54 мың жас ауылдық жерлерге өздерінің ауылдарын көркейтуге кетті.

Яғни 10 жыл бойы жүзеге асып келе жатқан жобаның нәтижесі жоқ емес. Тағы бір жаңалық. Бір кездері аса қарқын алған дебаттық қозғалыстар да биыл қайта жаңғыртылмақ. Жол картасына енгізіліпті.

Авторлары: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы