388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісмендер онкологиялық аурулардың жағдайына алаңдаулы

  • 574
  • UPD: 23:32, 18.03.2019

Денсаулық саласына триллиондаған теңге қаржы бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бірақ көпшілік елімізден ем таппай, шетелден шипа іздеуге мәжбүр.

Бүгін осы мәселе Мәжілісте көтерілді. Депутаттар, әсіресе, онкологиялық аурулардың жағдайына алаңдаулы. 

Қазір еліміз бойынша қатерлі ісікке шалдыққандар саны 180 мыңнан асып жығылады. Оның 60 ппроценті еңбекке жарамды азаматтар. Ал өткен жылы онкологиялық аурудан өлгендер саны 14 мыңға жетті. Бұл жантүршігерлік көрсеткіштер бүгін Парламент Мәжілісінде айтылды. Депуттатар жағдайға алаңдаушылық танытып, онымен күрес мәселелерін талқылаған болатын. Әсіресе ерте сатыда емдеуге қатысты қосымша қаржы қарастыру мен мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру тетіктері сөз болды. Онкологиялық ауруларды ерте сатыда емдеу бойынша біздегі көрсеткіш дамыған елдерге қарағанда 3 есе төмен екен. Оған себеп – дәрілердің қымбаттығы, құралдардың жетіспеушілігі және арнайы мамандардың тапшылығы.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- 2018 жылы қатерлі ісіктен болатын кісі өлімінің көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 78,3 жағдайды құрайды. Бұл көрсеткіш Ақмола, Павлодар, СҚО және ШҚО республикалық көрсеткіштерге қарағанда 1 жарым есе жоғары.

Халық арасында онкологиялық аурудың ең көп кездесетінін түрлері – сүт безі, өкпе және асқазандағы ісіктер. Жиі өлімге әкеліп соғатыны да осылар. Бұған қоса қазір жатыр мойны обыры мен жуан ішек обыры жағдайлары да жиі тіркеле бастаған. Осыған байланысты құзырлы министрлік ауқымды жұмыстарды қолға алдын. Оның ішінде 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар бар.

Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Кешенді жоспар төрт бағыттан тұрады, олар: қауіп факторларының профилактикасы және басқару; тиімділігі жоғары ерте диагностика; онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу; кадр әлеуеті мен ғылымды дамыту. Онкопациенттерге медқызмет көрсетуге жыл сайын республикалық бюджеттен 40 млрд теңге шамасында қаржы бөлінеді.

40 миллиард теңге бұл негізгі қаржы ғана. Бұған қоса тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және сәулелік терапия қызметтерін кеңейтуге жыл сайын 8 млрд теңге қосымша қаржы көзделеді. Сондай-ақ жабдықтар алуға жоспарланған ақша тағы бар.

«Бірақ соның өзінде қаржының жетіспеушілігіне қатысты мәселе көп», – дейді министр. Соған қарамастан биыл елімізде молекулалық-генетикалық тестілеу жүргізуді бастауға мүмкіндік жасалды. Яғни Алматы, Қарағанды және Астана қалаларында референс-зертханалар ашылып, жыл соңына дейін 3 мыңға жуық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар ерте диагностикалауды 2022 жылы 33 процентке дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы