379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық Ник Вуйчич атанған бала «Алтын доп» иегерімен футбол ойнады

  • 325
  • UPD: 15:39, 19.03.2019

Қазақстандық Ник Вуичич атанған астаналық Әли Тұрғанбеков әлемнің әйгілі спортшысы, «Алтын доп» иегері әрі «Украина батыры» және футболдан Украина ұлттық құрамасының бас бапкері Андрей Шевченкомен Киевте кездесті.

11 жастағы Әли Шевченкомен жасыл алаңда доп ойнап, аты аңызға айналған спортшымен тілдесті. 

Ақмарал мен Азамат Тұрғанбековтердің 4 баласы бар. Әлиі әрине ерекше, арманы да асқақ. Өзі өжет, жігерін жанып тұрған бала, жасық та емес, допқа жылдам. Өткен жылы Әли әйгілі Ник Вуйчичпен кездесіп еді, одан кейін футбол әлемінің танымал тұлғасы – Диего Марадонамен танысты. Енді міне, Киевтегі стадионда аты аңызға айналған Андрей Шевченкомен қол алысып тұр. Қазақтың жігерлі жас баласын «Жарайсың» деп қанаттандыруды Шевченко ұмытқан жоқ.

Әли Тұрғанбеков:

– Көңіл-күйім жақсы, біз Шевченкомен футбол ойнадық. Мен енді Месси және Роналдумен кездескім келеді.

Әлидің ата-анасы Андрей Шевченкоға және футбол клубының ресми сайтына ұлының өтінішін айтып, хат жазыпты. Украинаның «батыры» қазақстандық баламен кездесуге келісімін бір айда берген екен. Қазақстандық «Қайрат» футбол командасы жол шығынын көтерсе, Қазақстанның Украинадағы елшілігі кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан.

Ақмарал Әміреева, Әлидің анасы:

– Өте қуаныштымыз. Әлиіміздің арманы орындалды.

Әли Тұрғанбеков Украина ұлттық құрамысының жас аяқдопшысы Александр Зинченкомен де кездесті. Александр Әлидің футболға деген ықыласы мен ынтасына таң қалысын жасырмай, қазақтың жігерлі ұлына «ақ жол» тіледі.

Авторлары:  Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы