377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық кәсіпкер оңтүстіктен қоныс аударған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етті

  • 587
  • UPD: 18:39, 26.03.2019

Қазір ажары кеткен көптеген ауылдан жұрт жұмыс іздеп қалаға қарай ағылса, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылына керісінше жастар қаладан көшіп барып жатыр.

Себебі жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев оларға барынша жағдай жасап отыр. Тегін үй беріп, азын-аулақ малмен көмектеседі. Ал жергілікті билік бау-бақша өсіру үшін жер бөліп, жеңілдетілген несие алуға жәрдемдеседі. Бұл қолдауды құп көрген алғашқы 9 отбасы Шымкент қаласынан Қоянды ауылына қоныстанды.

Оңтүстіктен ат терлетіп жеткен көшті ауылдағы ағайын осылайша үлкен қошеметпен қарсы алды. Әжелеріміз шашу шашып, дастархан жайды. Ал ақсақалдар ақ батасын берді.

Кезінде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен бұл киелі өңірдің жері шұрайлы. «Мал өсіріп, диқаншылықпен айналысуға өте қолайлы мекен», – дейді жергілікті жұрт. 9 отбасының Шымкент қаласынан көшіп келуінің бір сыры да осында жатыр. Оның үстіне оларға тегін үй, азын-аулақ мал, жер берілді.

Қасымбек Юлдашев, қоныс аударушы:

– Қоянды жеріне келдік, үй алдық, мал шаруашылығымен айналысамыз. Сонымен қатар диқаншылықпен шұғылданамыз.

Қазір Қоянды ауылында 90-ға жуық отбасы тұрады. Тоқырау жылдары жұрт жаппай қалаға көшкен кезде мұндағы 19 үйді жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев меншігіне сатып алған. Кейін күрделі жөндеу жүргізіп, сақтап қойыпты. Енді сол баспаналарды ауылға келемін деген азаматтарға тегін үлестіріп жатыр.

Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:

– «Ауылға дипломмен» бағдарламасы бойынша математика, физика, ән-күй пәндерінен мұғалімдер шақырып жатырмыз. 

Кәсіпкер бұған дейін ауылда отбасылық үлгідегі балалар үйін де ашқан. Оған себеп – елді мекендегі мектепті сақтап қалу. Өйткені оқушы саны азайса, білім ошағының жабылып қалу қаупі бар екен. Қазір мұндағы 9 жылдық мектепте 60-тан астам бала оқиды.

Аян Исабаев, Қоянды ауылының мектеп директоры:

– Көшіп келіп жатқан қонақтардың әр отбасында 3-4 баладан. Бала саны 5 отбасы келген күннің өзінде 30-ға көбейеді. Сол 30 бала қосылса, 90-нан асамыз. Орта мектептің талабына келіп тұрмыз.

Кәсіпкердің айтуынша, алдағы жылы ауылда тағы осындай отбасылық үлгідегі екі бірдей балалар үйі ашылмақ. Айта кету керек, ол бұған дейін туған ауылына мешіт және балалар алаңын салып берген.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы