377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ тілін меңгерген поляк жігіті еліміздің тарихи жерлерін араламақ

  • 162
Қазақ тілін меңгерген поляк жігіті еліміздің тарихи жерлерін араламақ

Польшада қазақ тілін жақсы көріп, аз уақыттың ішінде жетік меңгеріп алған Вячеслав Чернев есімді азамат тұрады.

Варшава университетінің студенті оны біздің елдегі достарымен араласу үшін үйренген. Көп тілде сөйлейтін жас жігіт қазақтардың ана тілінде сөйлеуін қолдайтынын айтады.

24 жастағы Вячеслав Чернев қазақ күйлерін тыңдауды жақсы көреді. Біздің жыраулардың атын жатқа біледі. Қазақ тілінде ән айтқанды ұнатады. Варшава университетінің докторанты әсіресе ана туралы әнді сүйеді. 

Туғанынан зағип болғанына қарамастан, Вячеслав ғылымға ден қойған. Орынбор мен Уфа қаласында оқып, білім алған жас жігіт қазір Польшада докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жатыр. Талабы таудай азаматтың тағы бір жаны сүйетін ісі – тіл үйрену арқылы әр елдің мәдениетін танып білу.

Вячеслав Чернев, полиглот:

– Біріншісі әрине Абай. Онсыз болмайды. Қазақ тілін меңгергің келсе ең алдымен, Абайдың шығармаларын оқу керек. Екіншісі Нұртуған жырау. Оның өмірі қиын болғанын білемін. Бірақ қазақ халқы деп, қазақ мәдениеті деп, қазақ тілі деп өмір сүрген. Қазіргі әншілерді де ұмытпаймын, тек қана ақындармен шектелуге болмайды.  Төрағалиды естігенім бар. 

Вячеславтың тілге деген құлшынысы 11 жасында оянған. Алдымен татар, башқұрт, түрік, италян, неміс тілдерін үйренген. Қазір 10 тіл біледі. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Әр елдегі достарымен өз ана тілінде сөйлескенді ұнатады. Мысалы, қазақтармен қазақша сөйлеседі.

Вячеслав Қазақстанның тарихын да зерттеумен айналысады. Өткен жылы ол біздің елде алғаш рет болып қайтты. Алматыда өткен ғылыми конференцияда қазақша баяндама жасап, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді. Тіпті келушілер орындарынан тұрып, қол шапалақтады.

Вячеслав Чернев, полиглот:

– «Рұқсат берсеңіздер, сөзімді қазақша бастаймын» деп сөйлей бергенімде бәрі таңғалып қалды. Өйткені менен Польшадан келгендіктен ағылшын тілінде немесе Орынборда білім алған үшін орыс тілінде сөйлейді деп күтті деп ойлаймын. Бірақ қазақша сөйлей бастағанда, бәрі таңқалып қалды. Баяндамамды қазақша айттым. Енді Қазақстанға тағы бірнеше рет барамын деген ойдамын.

Биыл жас жігіт Астанадағы түркітанушылардың конференциясына қатысуды жоспарлап отыр. Ол сондай-ақ еліміздің ежелгі қалалары мен қасиетті орындарын аралауды мақсат етеді.

Вячеслав Чернев, полиглот:

– Әрине Қазақстанға тағы барып қайтқым келеді. Тарихи жақтарын да Тараз, Түркістан, Шымкент сынды тарихи қалаларды көрсем деймін. Жалпы қазақ мәдениетін башқұрт тілі мен мәдениетін үйрену арқылы таныстым. Сондықтан түркі тілдес халықтардың бірі-бірімен тығыз байланысы қызықтырады.

Вячеславтың айтуынша, Қазақстанды біліп танығысы келетін шетелдіктер Польшамен бірге Еуропада да көбейіп келеді. «Сондықтан қазақтың тарихы, мәдениеті және тілін үйренем деушілер үшін Варшавада қазақ тілі орталығын ашу қажет», – дейді ол.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы