379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында құлаған тікұшақтың қара жәшігі тексеріліп жатыр

  • 349
  • UPD: 17:39, 01.04.2019

Қызылорда облысында апатқа ұшыраған әскери тікұшақтың қара жәшігін мемлекеттік комиссия тексеріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апаттың нақты себебі әзірге беймәлім. Белгілісі, қаза тапқан 13 жігіттің тоғызы жерленген. Қалған төртеуінің денесі туған жеріне бүгін жеткізіледі. Мұндай мәліметті әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов айтты. Заңға сәйкес опат болған әскерилердің отбасыларына бір жолғы өтемақы беріледі. Қара жамылған жанұялар қызметтік баспананы заңдастырып алуға құқылы. Отбасындағы адамның санына байланысты баспанаға қатысты өтемақы да төленеді. Яғни әр әскери қызметшінің шаңырағы өтемақыны түрлі көлемде алады. Жалпы апатқа ұшыраған «Ми-8» тікұшағы 1988 жылы құрастырылған. Алматы қаласындағы нөмірі 405-авиазауытта күрделі жөндеуден өткен. Зауыттан шыққаннан кейін тікұшаққа әуеде екі мың сағат немесе 8 жыл ұшу құқығы беріледі. Мемлекеттік комиссия тергеу жүргізіп жатқандықтан, «Ми-8» тікұшақтарының ұшуы тоқтатылды. Апта бойы олар техникалық тексерістен өтеді.

Дәурен Қосанов, ҚР ҚК ӘҚК әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры:

– «Ми-8» посткеңестік елдердің ішінде ғана емес, әлем бойынша адам ең көп сиятын тікұшақ саналады. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Анығы экипаж апатқа ұшыраған әуе кемесін шаруа қожалығының үстінен әрірек алып кеткен. Мен апат орнына бірінші жеттім. Алғашқыда тікұшақ бөліктерінің жан-жаққа шашырап кеткенін көрдім. Куәгер ауыл тұрғынының айтуынша, тікұшақ тура үстінен ұшып өтіп барып, құлаған. Бұл экипаждың соңына дейін арпалысқанын дәлелдейді.

Хабар 24 телеарнасы