377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында жүргізуші куәлігін сату бизнеске айналған

  • 406
  • UPD: 22:35, 04.04.2019

Жамбыл облысында пысықайлар жүргізуші куәлігін сатып, қып-қызыл бизнес жасап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көлік тізгіндеуге мүмкіндік беретін құжатты оқып, емтихан тапсырмастан, тіпті медициналық тексеруден өтпей-ақ алуға болады.

Бұл – облыстағы былықтың бір шеті ғана. Мысалы, автодромдар Қордайда қор болып тұр. Практикалық емтихан тапсыруға арналған алаңның сиқы мынау. Ал Шудағы сынақ өткізілетін ғимарат бомба түскендей. Қабырғалары сетінеп, құлағалы тұр.

Арман Рахимов, СЖҚІҚ ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Ер кісі ақша арқылы мүлдем емтиханнан өтпей, жаңадан жүргізу куәлігін алып отыр. Бұл ертең жолға шығады, қауіп-қатер келтіру мүмкін. Теориялық емтиханды қабылдауда бақылау инструменттері жоқ.

Қысқасы, пысықайлар бұдан қып-қызыл бизнес жасап жүрген секілді. Құрығы ұзын, билігі күшті «Мәке-Сәкелер» мен «әке-көкелердің» жүргізуші куәлігін алуға ықпалы болса, өйтпегенде ше!

Бекжан Кеңесбек, ҚР МҚІЖСЖҚІА Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы:

– Жеке кәсіпкер «Қалысбаев» деген автомектептің жетекшісі – Қалысбаев Ерғали Баданбаевич деген азамат. Ал Мерке аудандық полиция бөлімінің тіркеу-емтихан алу бөлімінің аға инспекторы болып Қалысбаев Жандос Жанғалиұлы қызмет атқарады. Аталған екі азамат бір-біріне жақын туыс болып келеді. Автомектептің жетекшісі Ерғали полиция қызметкері Жандостың әкесінің туған ағасы болып табылады.

Арнайы мониторингтік топтың мүшелері уәкілетті органдардың басшыларын жинап алып, жұмыстарының кемшің тұстарына нұсқады. Жемқорлықпен күресуші орган дерек дәйекті болу үшін біраз дәлел келтірді. Бұл фактілер жауапты тұлғалардың маңдайына тоқпақпен ұрғандай жайсыз тигені рас. Десе де, өздерінен кеткен ағаттықты жоюға уәде берді.

Серік Жүнісбеков, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары:

– Сіздерден келген хатты мен оларға жібердім. Олар нақты шешім қабылдайды. Ол жағынан еш кемшілік болмайды.

Аудандарды былай қойғанда, Таразда да табан астынан бәле шықты. Қаладағы көлікті техникалық тексеруден өткізетін орталықтар да пара алып, қолдарын былғап жүр.

Таразда жол белгілері қажет емес жерлерге орнатылған деректер де анықталды. Мәселен, көліктің тоқтап тұруына тыйым салатын белгі тұрақтың дәл алдына қойылған. Сөйтіп, жүргізушілер темір тұлпарын паркингке қоюға не болатынын, не болмайтынын білмей дал.

Ал Төле би көшесінде қаз-қатар орналасқан дәмханалардың маңында, керісінше көлік тұрағына рұқсат бермейтін жол белгісі тұрғанымен, түскі асқа келетін шенеуніктер ережені елемейтін көрінеді. Темір тұлпарларын жолдың бойына қалай болса қойып кетеді. Бұған қоғам белсенділері наразы.

Исламбек Дастан, арнайы мониторингтік топтың мүшесі:

– Төле би көшесінің бойындағы «Медведь» дәмханасы маңында тыйым салу белгісі бар болғанына қарамастан, көліктер жиі тұрақтайды.

Жасын Біркенов, тілші:

– Азан-қазан шулап қазір, кейін осы мәселелерді осындай күйінде қалдырып кетпесе болғаны арнайы мониторингтік топтың. Өйткені жемқорлықтың тамырына балта шабу жолындағы жасаған қадамы оң бұлардың. Ал уәкілетті органдар құрғақ уәдемен қуырдақ қуырып, арқамыздан қағып, алдап-арбап жүрмесе, деп тілейді тараздықтар. «Жемқорлық жазасыз қалмайды» деген шенді-шекпенділердің сөзі ас үйдегі бос әңгімеге айналмаса екен.

Авторлары: Ж.Біркенов және Т.Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы