379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның тұрақтандыру қорындағы көкөніс шіріп кетуі мүмкін

  • 96
  • UPD: 23:44, 05.04.2019

Тұрақтандыру қорындағы көкөніс өтпей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының атқарушы билігі өткен күзде аймақтағы шаруалардан 7 жарым мың тонна өнім сатып алған. Бүгінге дейін соның 25 проценті ғана сатылды. Бұл көктемде бағасы шарықтап шыға келетін көкөніс құнын қалыпты ұстап тұру үшін қабылданған шара еді. Бірақ биыл бұл әдіс баға бәсекесіне шыдас бермей, қоймадағы мыңдаған тонна өнім шіріп кетудің аз-ақ алдында тұр. 

Жыл сайын қараша айынан бастап Өскемен мен Семейде қорға жиналған көгөніс саудаға шығаратын. Биыл бастапқыда сұраныс жақсы болғанымен, соңғы үш айда өте аз өткен.

Нағима Елшекенова, әлеуметтік дүкен сатушысы:

- Сырттан картоп көп келді дегенді естігеніміз бар. Кім білсін қалай болатынын. Басында 700-800 килограмм алатынбыз, қазір 500-600 килограмм аламыз. Бәрі дәптерде жазылған.

Былтыр күзде облыстық бюджеттен 450 миллион теңге бөлініп, тұрақтандыру қорына 7,5 мың тонна көкөніс жиналған. Қыс түсе  картоп, қырыққабат, сәбіз және пияздың 1 келісі 65 теңгеден сатыла бастады. Ол үшін облыста 117 әлеуметтік дүкен ашылды. Бұл дүкендер әсіресе әлеуеті әлжуаз отбасылар мен зейнеткер үшін өте тиімді болған. Ал биыл кейбір базардағы баға осы әлеуметтік дүкендерден де арзан болды.

Бақти Сақышева, зейнеткер:

- Тұрақтандыру қорынан биыл көп картоп, сәбіз алмадық. Өйткені баға әр жерде бірдей болды. Дүкеннен, басқа ашылған дүңгіршектерден сатып алдық.

Тұрақтандыру қорына жиналған қырыққабат қана толық сатылған. Қазір қоймадағы басқа көкөніс түріне сұраныс азайған. Күзде 4100 тонна картоп жиналса, қазір 3500 тоннасы қоймада әлі тұр. Жалпы, аймақта көкөніс бағасының құбылуына әртүрлі себептер бар.

Думан Рахметқалиев, «Ертіс ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Басқа облыстарда картопты жақсы жинады. Ресейде де солай болды. Сондықтан бүгінде Шығыс Қазақстанда осы өнім өте көп болып тұр. Сондықтан тұрақтандыру қорының бағасы сәл қымбаттау болып тұр.

Қоймадағы  өнімді өткізу үшін облыстық әкімдік түрлі амалдарды қарастырып жатыр. Ол үшін арнайы комиссия құрылды. Қордағы өнімінің бағасын арзантадып сату мәселесі де қарастырылуда.

Ержан Шорманов, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Бір жолы бар. Бағаны кішкене түсіру керек. Әлі комиссияның шешімі шығады. Ол 50 теңге ме, 55 теңге бола ма, 45 бола ма комиссия шешеді.

Тұрақтандыру қорындағы өнім мамыр айының ортасына дейін саудаланады. Сондықтан аймақтағы атқарушы билік алдағы бір жарым айда толық сатуды жоспарлап отыр. Дегенмен қордағы өнімнің күн санап күйі кетіп барады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы