379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда заңсыз жалға берілген 600 пәтер анықталды

  • 174
  • UPD: 08:23, 06.04.2019

Алматы қаласында жүргізілген арнайы рейд барысында заңсыз жалға берілген 600 пәтер анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қаланың тәртіп сақшылары мен Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары тұрғын үйлер мен пәтерлерде тексеру жүргізуде. Мұндағы мақсат – заңсыз жалға берілетін үйлерді анықтап, оларды тіркеуге алу.

Учаскелік полицейлер алғашқы бес күнде-ақ Алматы қаласы бойынша алты жүзден аса жалдамалы пәтерді анықтады. Табыс салығын төлемегендер тізімге алынып, құжаттары Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді. Оған қоса, пәтер жалдаушылардың жеке басы айқындалып, уақытша тіркеуі тексерілді. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары бұл кәсіпке салынатын салықтың соншалықты көп емес екенін айтады.

Айжан Бекеева, қалалық МКД бөлім басшысы:

– Салық төлеуші өзіне тіркелуге қалай ыңғайлы, солай белгілеп алуы керек. Егер де жеке кәсіпкер ретінде тіркелем десе оған режимін қабылдау керек. Ол бойынша салық органдарына келіп, арызын тапсырады. Табысынан бір пайызын төлеуге болады. Бұл патент режимі. Үш пайыз төлеуге болады. Ол оңайлатылған декларация бойынша.

Сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе жылына жалпы табыстың 10 пайызын салық ретінде төлеуге болады. Бірінші сәуірде басталған республикалық шара аясында Алматыдағы 148 мың пәтер және 11,5 мың жеке тұрғын үй тексерілді. Мұндағы мақсат – заңсыз кәсіпкерліктің үлесін азайтумен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Бір айлық жұмыстың алғашқы аптасында 3400 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Миграциялық заң талаптарын бұзған 300 шетел азаматы да анықталып отыр. Сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған 950 адам мен жеке қаруы бар екі мыңнан аса тұлғаның құжаттары тексерілді. Арнайы шара осы айдың соңына дейін жүреді. Демек бұл мәліметтер әлі де өсе түсері анық.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы