377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жауапсыз мердігер стратегиялық нысанның жұмысына кедергі келтіруде

  • 114
  • UPD: 21:55, 08.04.2019

Мердігер ұйымның жауапсыздығынан Павлодар облысындағы Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды арнасының бір бөлігі топырақпен көміліп қалған.

Олар елордаға апаратын автобанның бойындағы көпірдің құрылысын орта жолда тастап кеткен.

Осындай қиындықтарға қарамастан, стратегиялық нысан жыл сайынғы табиғат қорғау мақсатындағы су босату жұмыстарын уақытында бастады.

Мердігер ұйымның салғырттығынан автобан бойындағы көпір құрылысы тоқтап тұр. Салдарынан осы учаскедегі арнаның ені 38 метрден 12 метрге қысқарып қалды. Ал тереңдігі 5 метрдің орнына 2,5 метр болып отыр. Осыған орай арнаның әкімшілігі дабыл қағып, салалық мекемелерге ресми хат жолдаған.

Владимир Егер, Қ.Сәтбаев атындағы арнаның облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Жоба шеңберінде арнаның су өткізгіштігіне нұқсан келмеу керек. Әзірге осындай олқылықтар бар. Қазіргі уақытта көрсеткшітер нормаға сай емес. Біз тиісті органдарға хат жаздық. Осылай жалғаса берсе, үрдіс бұзылуы мүмкін.

Болат Саутов, бас мердігер ұйым өкілі:

- Алдағы уақытта олқылықтарды жоямыз. Өткен жылдың күзінде субмердігер ұйым жұмысын тоқтатты. Енді басқа ұйым келеді. Олар 70 млн теңгенің жұмысын игермеген. Мәселе сот арқылы шешіледі. Оны уақыт көрсетер.

Осындай қиындықтарға қарамастан, Орталық Қазақстан мен елорда халқын ауызсумен қамтып отырған Ертіс-Қарағанды арнасынан Шідерті-Өлеңті аумағына су босату уақытында басталды.

Қадылжан Сәтиев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:

- Оның көлемі – 100 млн текше метр. Жалпы, бұл бір айдың ішінде Екібастұз бен Ақтоғай аудандарының лимандық жайылымдарына су бостылады. Жалпы көлемі 21 мың гектар. Және де Екібастұз бен Ақтоғай аудандарының көлдері, Тоғызкөл, Шідерті жүйесіне жіберіледі.

Мамандардың мәліметінше, табиғат қорғау мақсатындағы үрдіс 22 күнге созылады. Шідерті-Өлеңті экожүйесінің тепе-теңдігін қамту үшін арнаның гидронысандары жөндеуден өткізілген. Жалпы, Ертістің жоғары жағынан да су босатуға дайындық басталды. Салалық мекемелер есептік жұмыстарын қолға алды. Биылғы жылы су өзен аумағының 700 шақырымына жайылады.

Жуық арада облыста су тасқының кезеңінің екінші толқыны басталады. Яғни, Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларынан табиғат қорғау мақсатында су босатылады. Мамандардың болжамынша, биылғы көктемде облыс аумағына 5 млрд текше метр су жіберілмек. Бұл дегеніміз еліміздегі ірі су артериясының шабындық және жайылымдық жерлерінің 80%-не су жайылады деген сөз. Осылайша бірегей экологиялық жүйенің тепе-теңдігі қамтамасыз етіледі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы