384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенатта Байқоңырды Қазақстанның құзыретіне қайтару мәселесі көтерілді

  • 513
  • UPD: 21:21, 11.04.2019

Байқоңыр қаласында мемлекеттік органдардың жаңа 10 бөлімшесі ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі Сенат отырысында осы мәселе талқыланып, депутаттар арнайы құжатты мақұлдады. Бұл құжат арқылы жергілікті тұрғындарға біздегі мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі арта түседі. Дей тұрғанмен жұлдызды қалашықта қордаланған мәселе көп. Айталық, коммуналдық тариф қымбат, тауарларға қатысты қосымша құн салығы жоғары, сосын инфрақұрылы нашар. Кәсіпкерлікті дамыту ісінде де біраз кедергі бар. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы бұл мәселелерге тоқтала келе, Байқоңыр қаласын Қазақстанның құзыретіне қайтару мәселесін көтерді.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

- 1995 жылдан бері осы кезге дейін Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты 18 ратификация мен құқықтық акті қабылданған екен. Бүгін 19-шысын қабылдап отырмыз. Өкінішке орай, әлі көп мәселе шешілген жоқ. Осы жоғарыда айтылған мәселелер қай уақытта шешімін табады? Таппайтын болса, зымыран ұшырылатын алаңдарды ғана Ресей үкіметіне жалға беруді қалдырып, Байқоңыр қаласын Қазақстанның құзыретіне беру туралы сіздің пікіріңіз қандай?

Марат Нұрғожин, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы:

- Қаланы кезең-кезеңмен жалға беруден шығару Қазақстан тарапының күн тәртібінде тұрған мәселе. Біз өзіміздің мемлекеттік органдармен бірге осы жағдайдағы артықшылықтарды және кемшіліктерді және шығу жолдарын егжей-тегжейлі талқылап жатырмыз. Ресей ғарыш басшылығымен де ауызша талқыладық. Бұл оңай мәселе емес. Талқылаулар нәтижесін кейін хабарлаймыз.

Хабар 24 телеарнасы