379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында су құбыры жоқ 13 ауыл таза ауызсумен қамтылады

  • 132
  • UPD: 10:41, 15.04.2019

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Әлжан ана ауылы биыл толық таза ауызсумен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елді мекенде негізгі су құбырлары тартылып, орталықтандырылған жүйеге қосылып жатыр. Жоба толықтай жүзеге асса, мыңға тарта үй сапалы суға қол жеткізеді. 

Әлжан ана ауылында құрылыс жұмыстары былтыр күзде басталған. Бүгінгі күнге дейін 25 шақырымдай құбыр тартылып, 670 үйге су жүйесі жүргізілді. Қазір 80 процент жұмыс бітіп тұр. Енді тек қалған 277 аулаға су кіргізіп, су сорғы қондырғылары мен мұнараны орнату ғана қалды.

Досымжан Құдасбек, бас инженер:

– Жалпы құны – 422 миллион. Оның былтыр 335 миллионын игеріп қойдық. Бізде жоба бойынша солай қаралған. Су құбырын 120 метр тереңдікке тартып, дайындап қойдық. Осы шілде айының аяғында өткіземіз.

Ауыл тұрғындары бұл күнді асыға күтіп жүр. Жергілікті жұрт ұзақ жылдан бері суды құдықтан тасып ішіп отыр. Тіршілік көзінің қадірін жақсы біледі. Мұнда жұмыс басталғалы ақсақалдар күнде көшеге шығып, құрылысшылардың жұмысын бақылайды. 

Сәрсенбай Жұмабаев, Әлжан ана ауылының тұрғыны:

– 9 көшенің бәріне тартылып жатыр. Бұрын баспа краннан су ішетін едік.

Бүгінгі күні Қордай ауданындағы 41 елді мекеннің 28-і орталықтандырылған ауызсуға қосылған. Биыл Әлжан ана ауылындағы құрылыс жұмыстары аяқталса, аудан халқын таза сумен қамту деңгейі 70 процентке жетеді. Жалпы бұдан бөлек тағы 5 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. 

Ерлан Орынбаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі таңда 4 жобалық сметалық құжаттары дайын. Жалпы сомасы 3 миллиардқа жуық. Келесі жылға Кенен ауылы кезекте тұр.

Жалпы Жамбыл облысындағы 377 елді мекеннің 199-ы су жүйесімен қамтылған. Биыл су құбыры жоқ 13 ауылды ауызсумен қамту жоспарда. Бұл бағытта республикалық және жергілікті бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы