379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық кейуана бау-басқұрдан аспалы шам жасайды

  • 171
  • UPD: 15:47, 28.04.2019

Медина Орынбасарқызын киіз үйі бар өңір тұрғындары тегіс таниды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қолөнер шебері жасаған киіз үйлер әртүрлі өнер байқауында үздік танылды. Тіптен оның бірі ұлттық музейдің төрінен орын алды. Бүгінде ісмер әжей Ақтауға арнайы келіп, қыз-келіншектерге киіз басып, одан түрлі бұйым жасауды үйретіп жүр.

Тапсырыстың тез дайын болуына таңданыс білдіретіндер көп. Бұл ретте ісмер әжей таңға дейін іс тігетінін алға тартады. Ол киіз үйдің сыртқы жабдықтарын дайындауға бір жылдай уақыт жұмсайды екен. Аспабау, басқұр мен желбауды әзірлеуге 6-8 ай кетеді. 70 жастағы қария екі өрнекті қатар тоқиды.

Медина Орынбасарқызы, қолөнер шебері:

- Біреулер айтады «мынаның бәрін жалғыз өзі істей алмайды» деп. Екі өрмекті қатар құрып тоқимын. Бір күзеумен, бір теру ағашпен, бір қылышпен тоқимын екеуін. Бірігіп кетпес үшін екеуінің арқауын бөлек саламын. Сонда екі бау шыға келеді.

Медина Орынбасарқызы бес жасынан бастап меңгерген өнерін қыз-келініне үйретіп келеді. Айтуынша, киіз үйдің ағашын ғана сатып алады. Қалған жабдығын қолдан тоқиды. Жазда мал жүнінен киіз дайындалады. Кейін түйе шудасынан әзірленген алуан түсті жіппен тігіп, түрлі бұйым әзірлейді. Үлкен істен қолы босаған кезде матамен оралған балалар шеңберіне шашақтар іліп, аспалы шам да жасайды. 

Медина Орынбасарқызы, қолөнер шебері:

- Бір отырып алсам, орнымнан тұрмаймын. Келін шайға шақырса да, келіп болмаймын. Соған бола келінімнің айтатыны ғой, «сізді шайға алдын ала шақыру керек» деп.

Жуырда ісмер әжей Ақтаудағы музейге келіп, оқушыларға ұршық иіру, текемет басудың қыр-сырын үйретті. Өзі жасаған бұйымдарды көрсетіп, қолдану тәртібін түсіндірген.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы