378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық диқандар көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті

  • 157
  • UPD: 23:38, 29.04.2019

Шаруашылықтар 155 мың гектар егістік алқапқа ылғал жауып үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жалпы, биыл Ертіс өңіріне қар аз түскен еді.

Алайда қуаңшылыққа тап боламыз деген ағайынның күдігі сейілді. Сәуірдің басында ылғалдың екі айлық мөлшері түскен.

Владимир Черакшев жоғары сыныпта оқиды. Егіс алқабына тәжірибеден өту үшін келіпті. Көктемгі дала жұмыстарының сапасы, астық өнімділігіне әсер ететінін ол жақсы біледі.

Орловка ауылында ер балаларды жастайынан еңбекке тартады. Мектеп қабырғасында олар теорияны оқып-білсе, егістікте тәжірибе жинақтайды.

Владимир Черакшев, Орловка орта мектебінің оқушысы:

- Маған бұл техника өте ұнайды. Менің әкем де механизатор. Ол мені  трактор жүргізуге бала күнімнен баулыды.

Қазір егіс алқаптарында ылғал сақтау жұмыстары жүріп жатыр. Механизаторлар қас қарайғанша егіс басында. Алтын уақытты жіберуге болмайды. Жұмысшылар қыс маусымында техниканы дайындаумен айналысады.

Бұл – ескі үлгідегі ауылшаруашылық техникасы. Американың John Deere-іне дес бермейді. Алайда бір ғана кемшілік болатын. Ол – механизаторларға дұрыс жағдайдың жасалмауы. Осы олқылықтың да орны толтырылған екен. Бүгінде барлық техника жаңғыртудан өткен. Кабиналары жаңартылып, дыбыс өткізбейтін құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ навигация, ауа баптағыш, басқа да қажетті жағдайдың бәрі бар.

Биылғы маусымда жауын-шашын қоры аз болды. Бұл шаруалардың көңіліне күдік ұялатқан.

Евгений Васильев, бас агроном:

- Топырақтың беті құрғап жатыр. Дымқыл қабаты 3-4 см-ді құрайды. Бір метрлік қабатын алатын болсақ, топырақтағы ылғал 60-80 см жетеді. Жалпы, ылғал жеткілікті. Маусым айында болатын жауын-шашынға дейін оны сақтап қалуымыз керек.

Көп жылдық шөп мерзімінде егілді. Бірақ ауа райы құбылмалы болып тұр.

Александр Поляков, серіктестік директоры:

- Егер топырақтың температурасы түнгі уақытта бес градустан төмен болса, шөп көтерілмейді. Сондықтан бізді мал азығы алаңдатып отыр.  Ал техниканы жөндеуге салған қаржының қайтарымы бар. Өнімділігіне қарап қуанып отырмыз. Мемлекеттен көмек ретінде жеңілдетілген бағамен жағармай алдық.

Мамыр айының ортасында көктемгі егіс науқаны басталады. Биыл аймақта шамамен бір миллион гектар алқапқа егін егу жоспарланған. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы